Финляндия елде тұрақтауға рұқсат алу ережелерін қатаңдатпақ
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 8 қаңтардан бастап Финляндияда тұрақты тұруға рұқсат алу үшін талаптар күшейтіледі, деп хабарлайды DW агенттігі Yle-ге сілтеме жасап.
Агенттік таратқан ақпаратқа сәйкес, енді өтініш берушілерге елде төрт жыл орнына алты жыл тұру, фин немесе швед тілін қанағаттанарлық деңгейде меңгеру, сондай-ақ екі жыл еңбек өтілі қажет болады.
Төрт жыл бойы елде тұрған негізде тұрақтауға рұқсат алу әлі де мүмкін, бірақ тек үш шарттың біреуін орындаған жағдайда ғана:
жылдық табыс ең кемінде 40 000 еуро болуы,
Финляндияда мойындалған магистр дәрежесі немесе жоғары білім, екі жыл еңбек өтілімен бірге,
фин немесе швед тілін жоғары деңгейде меңгеру және үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуы.
Үкімет сонымен қатар азаматтық туралы заңға өзгерістер енгізуді дайындап жатыр. Онда азаматтыққа өтетін міндетті тест енгізіледі. Бұл емтихан Финляндия қоғамының құрылымы, оның құндылықтары, заңдары, адамның құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ елдің тарихы мен мәдениеті туралы білімді тексеруге арналған. Тест фин немесе швед тілдерінде өтеді. Баламасы ретінде фин мектебінің бітіру емтиханын тапсыруға болады, ал мемлекеттік тілдерде жоғары білімі бар адамдар тест тапсырудан босатылады.
Азаматтық туралы заң жобасы 2026 жылдың ақпанына дейін талқыланады, ал өзгерістердің күшіне енуі 2027 жылдың басында күтілуде.
Бұдан бұрын Финляндияда заңсыз жеке мектептер саны артып келе жатқанын жазғанбыз.
Сонымен қатар елдің Қорғаныс министрлігі алдағы бес жыл ішінде әскери резервтің саны бір миллион адамнан асады деп жоспарлап отырғаны хабарланды.