Финляндияда бензин бағасы рекордтық деңгейге дейін төмендеді

Фото: Фото: АЗЕРТАДЖ

АСТАНА. KAZINFORM — Финляндияда бензин бағасы соңғы төрт жылдағы ең төменгі деңгейге түсті, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Ел астанасы аймағында 95E маркалы бензиннің литрі 1,60 еуродан төмен бағада сатылып жатыр.

Агенттіктің хабарлауынша, бағаның күрт төмендеуі маусымдық ауытқулармен ғана емес, сонымен қатар жаһандық экономикалық жағдаймен, оның ішінде мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуімен байланысты.

Финляндия Сауда-өнеркәсіп палатасы сарапшыларының айтуынша, бензин дәстүрлі түрде аптаның басында — жексенбі және дүйсенбі күндері арзандайды. Бұл кезде тұтынушылар бағаларды салыстырып, ең тиімді жанармай бекеттерін таңдайды. Жұмыс күндері, әсіресе сейсенбіден бейсенбіге дейін, сұраныстың артуына байланысты отын бағасы көтеріледі.

Көктемнің басынан бастап мұнай бағасы тұрақты төмендеп келеді. Соңғы күндері Brent маркалы мұнайдың баррелі 60 еуроға бағаланды, бұл алдыңғы жылдардағы деңгейден едәуір төмен. Сарапшылардың пікірінше, мұның бір себебі — АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда риторикасының күшеюі, бұл жаһандық нарықтарда белгісіздікті арттырып, мұнайға деген болжамды сұранысты төмендетті.

Сыртқы факторлармен қатар, Финляндиядағы бензин бағасына ішкі нарықтың құрылымы да әсер етеді. Елде отын жеткізушілердің саны шектеулі, бұл нарықты бәсекелестердің баға өзгерістеріне сезімтал етеді. Бір жанармай бекеттер желісіндегі бағаның азғантай ауытқуы көбінесе басқа желілерде де дереу көрініс табады.

Мамандардың болжамынша, қысқа мерзімде мұнай жеткізіліміне қатысты елеулі тәуекелдер жоқ. Дегенмен, егер жаһандық экономика қалпына келе бастаса және энергия ресурстарына сұраныс артса, бұл бағаның өсуіне әкелуі мүмкін, бірақ өткен жылдардағы шектен тыс деңгейге жетпейді.

Бұған дейін хабарланғандай, Финляндия сегізінші жыл қатарынан әлемдегі ең бақытты ел болып танылды.