ФИНЛЯНДИЯ. KAZINFORM — Жексенбіде Финляндия президенттік сайлаудың бірінші кезеңін өткізді. НАТО-ға кіргеннен бері бұл елдің халқы алғаш рет жаңа көшбасшыға дауыс берді. Екінші турда бұрынғы премьер-министр Александр Стубб пен бұрынғы сыртқы істер министрі Пекка Хаависто кездеседі. Бұл туралы ВВС жазды.
Есептелген дауыстың нәтижесіне сәйкес, Стуббты сайлаушылардың шамамен 27%-ы, ал Жасылдар партиясы атынан шыққан Хаавистоны 26%-ға жуығы қолдаған.
Үшінші орын «Нағыз финдер» партиясының әсіре оңшыл кандидаты Джусси Халла-ахоға бұйырды. Оған сайлаушылардың 19%-ға жуығы дауыс берді.
Сайлаудың екінші кезеңі 11 ақпанда өтеді.
Стубб консервативті Ұлттық коалициялық партияның өкілі және 2014–2015 жылдары Финляндия үкіметін басқарды. Жасылдардың кандидаты Хаависто үшінші рет президенттікке үміткер болып отыр.
Еркежан Смағұлова
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің түлегі. Еңбек жолын Абай облысындағы «Семей таңы» газетінен бастаған. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді, аудармашы.