Финляндиядағы Аалто сәулет кешені ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді

АСТАНА. KAZINFORM – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитеті Финляндия аумағындағы 13 заманауи сәулет нысанынан тұратын Aalto Works сәулет кешенін Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізді. Бұл туралы Финляндияның Білім және мәдениет министрлігі хабарлады, деп жазды Reuters агенттігі .

Фото: Синьхуа

Шешім ЮНЕСКО-ның Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында қабылданды. Aalto Works кешеніне фин сәулетшілері Алвар Аалто, оның жұбайлары әрі сәулетшілер Айно Аалто мен Элисса Аалто жобалаған 13 сәулет нысаны енген.

Финляндия Білім және мәдениет министрлігінің мәліметінше, бұл кешен ХХ ғасырдағы фин модернистік сәулет өнерінің жарқын үлгісі саналады. Онда Аалто мектебіне тән «гуманистік модернизм» қағидаттары көрініс тапқан. Бұл бағыт ғимараттарды табиғатпен үйлестіруге, адамның жайлылығы мен әл-ауқатын басты орынға қоюға негізделген. Сондай-ақ сәулет өнерінің Финляндиядағы әлеуметтік мемлекет қалыптасуындағы рөлін айқындайды.

Тізімге Хельсинкидегі Finlandia Hall, Алвар Аалтоның үйі мен шеберханасы, Paimio санаторийі, Ювяскюля университетінің Аалто кампусы, Сейняйоки әкімшілік және мәдени орталығы, Коткадағы Sunila тұрғын ауданы, Villa Mairea, Иматрадағы Үш Крест шіркеуі және басқа да сәулет нысандары енді.

Ғылым және мәдениет министрі Мари-Леэна Талвитидің айтуынша, бұл шешім фин сәулет өнерінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.

Алвар Аалто ХХ ғасырдағы ең ықпалды сәулетшілердің бірі саналады. Оның жобалары функционалдылықты табиғи орта және адамның психологиялық жайлылығымен ұштастыруымен ерекшеленеді. Соның жарқын мысалдарының бірі – 1933 жылы салынған Paimio туберкулезге қарсы санаторийі. Онда жарықтандырудан бастап интерьер мен жиһазға дейінгі әрбір элемент науқастардың тезірек сауығуына ықпал ету мақсатында жобаланған.

Aalto Works кешенінің Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілуімен Финляндиядағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарының саны сегізге жетті. Оның жетеуі – мәдени, біреуі – табиғи мұра санатына жатады.

Айта кетейік, бұған дейін Ташкент модернизмінің 10 сәулет нысаны ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгенін жаздық.

Сондай-ақ Олимп тауы, Нормандия жағажайлары да ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді.