Фирмалар басшылығында әйелдердің үлесі қаншалықты көп болса, жұмыс та соншалықты табысты

АЛМАТЫ. 25 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жұмыс күштерінің 40 пайызын немесе 1 миллиард 200 мыңын әйелдер құрайды.

Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан Корпоративтік басқару жөніндегі ІІІ Орталық Азиялық саммитте айтылды.

"Думан" ойын-сауық орталығы" АҚ-ның Басқарма төрайымы Патима Матжанованың айтуынша, шет елдердегі түрлі зерттеу жұмыстарының нәтижесіне қарағанда, фирмалардың басқару органында әйелдер қаншалықты көп болса, олардың жұмысы да соншалықты табысты болатыны анықталып отыр. Мәселен әйелдер жоғары басшылық қызметтерді атқарған компаниялардың табысы ер адамдар басқарған компанияларға қарағанда 35 пайыз жоғары боп шыққан.

"Қазір Астанада акционерлік қоғамдардың Басқарма мүшелерінің - 20 пайызын, бірінші жетекшілерінің - 14 пайызын, ал Директорлар кеңесінің 11 пайызын әйелдер құрайды. Жалпы қазіргі таңда корпоративтік басқару саласындағы гендерлік саясат әлемнің барлық елде өзекті мәселелердің бірі болуда. Әйелдердің әлеуеті әлі толық пайдаланылмайды. Мәселен Еуропадағы жетекші 300 компаниядағы әйелдердің үлесі Директорлар кеңесі мүшелерінің 9,7 пайызын ғана құрап отыр ", - дейді Патима Тұралықызы.