«Айқас іш пыстырып жіберді. Көңілім қалды. Қаншама ақша шашылып, қаншама әңгімелер айтылғанымен, ақыры шоу болмай қалды. Әлбетте, «Канело» мен Джейкобс нағыз жауынгерлер. Бірақ, олар мен ақша шашарлық бүгін шаршы алаңда ештеңе көрсете алмады», - дейді Фируза Шәріпова.
Сонымен қатар, чемпион Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварестің арасындағы болуы ықтимал айқасқа қатысты пікірін айтты.
«Головкин мен «Канелоның» үшінші жекпе-жегін көремін деген үміттенемін. Геннадий оны соңына дейін «езіп» тастаса екен. Міне, сол кезде біз нағыз Big Drama Show-ды көре алар едік. Ал шынайы бокс не екенін көру үшін менің Юлия Куценкомен айқасымды көріңіздер дер едім. Ол жекпе-жек Халықаралық бокс форумында 16 маусымда өтеді», - дейді спортшы бойжеткен.
Еске сала кетсек, Лас-Вегаста (АҚШ) мексикалық Сауль Альварес пен америкалық Дэниел Джейкобс арасында WBC, WBA және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы (72,6 кг дейін) әлем чемпионы титулдарына қатысты жекпе-жек өткен болатын.
Чемпиондар арасындағы айқас 12 раундқа созылып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 115-113, 115-113 және 116-112 есебімен жеңіс Сауль Альвареске берілді. Алайда, абсолютті әлем чемпиондығына дейін мексикалық боксшыға Деметриус Андаре иеленген WBO белбеуі жетіспейді. Айта кетейік, Альварес пен Джейкобстың екеуі де Геннадий Головкиннің бұрынғы қарсыластары. Қазақстандық боксшы өзінің жаңа жаттықтырушысы Джонатан Бэнкспен жекпе-жекті тамашалады.