Фируза Шәріпова кәсіби рингтегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Фируза Шәріпова кәсіби рингте алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бұл туралы 24.kz телеарнасы хабарлайды.

Испанияның Санта-Поло қаласында шілденің 30-ынан 31-іне қараған түні өткен кездесуде 21 жастағы боксшымыздың қарсыласы тәжірибелі итальян боксшысы Анжела Канецаро болды.
Төрт раундқа шақталған жекпе-жек соңына дейін жеткізіліп, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске отандасымыз лайық деп танылды. Осылайша Шәріпова әлем бойынша әйелдер боксында промоуторлық компанияның қамқорлығымен алғашқы жекпе-жектерін бастап та кетті.
Естеріңізге сала кетейік, 21 мамырда келісімге отырған Шәріпова кәсіби алаңдағы алғашқы кездесуінде ресейлік Софья Очигаваға жол берген болатын.