Шәріпова Instagram парақшасында өзінің Софья Очигаваға қарсы өткен кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінің афишасының фотосын жариялап, «Ресми! Мен оралдым! Реванш қалайсыздар ма?» деген жазба қалдырды. Ол айқаста қазақстандық боксшы төрешілердің бірауызды шешімімен жеңілген болатын.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың қыркүйек айында Шәріпова чемпиондық жекпе-жегіне демеуші болмағандықтан өз мансабын аяқтайтынын мәлімдеген болатын.
Карьерасын аяқтағанға дейін Шәріпова 61,2 салмақ дәрежесінде WIBA және WBU белбеулерінің иесі атанған. Сондай-ақ ол 2019 жылдың көктеміне дейін 59 кг салмақ дәрежесіне дейінгі WBC Silver және IBO Championship белбеулерін еншілеген еді. Бірақ титулдарын уақытында қорғамағандықтан айырылып қалды.