Қазақстандық кәсіби боксшы (8-1-0,4КО), екі салмақ дәрежесі бойынша WIBA, IBO және WBC Silver тұжырымдарының чемпион белбеуінің иегері Фируза Шарипова алдағы уақытта бокстағы жекпе жектеріне «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының атынан шығатыны туралы арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында мәлім болды.
«Кәсіби боксқа келген күннен бастап арманым - Президент клубының атынан шығу болды, міне ол арманым да орындалды. Мен бүкіләлемдік бокс сериясының ең үздік командаларының қатарына жататын «Астана Арланс» боксшыларын үнемі қолдап жүретін жанкүйерімін. Рингке «Астана» брендінің атынан шығу - мен үшін құрмет. Енді әйелдер арасындағы кәсіби бокста үздік болып, барлық негізгі титулдарды жеңу жолында аяусыз еңбектенемін. Және «Астана» Президенттік клубымен бірге абсолютті әлем чемпионы атанатыныма сенімдімін», - деді Фируза Шарипова.
Сонымен қатар, баспасөз мәслихаты барысында қазақстандық кәсіби боксшы Фируза Шарипова туралы деректі фильм көрсетілді. Жарты сағаттық деректі фильмде Фируза Шарипованың бокс спортына келуі мен кәсіби тұрғыда қалыптасу тарихы баяндалады. Фильмде боксшының жаттықтырушысы мен спорттағы әріптестері Фирузаның кәсіби бокстағы жетістіктері мен жеке қасиеттері туралы сөз етеді.
Фильм тұсаукесеріне Фируза Шарипова, менеджері Сергей Завилейский және боксшының спорттағы жақын әріптестері мен жанкүйерлері қатысты.
Айта кетейік, бұған дейін Фируза Шарипованың кезекті жекпе-жегі өтетіні туралы жазған болатынбыз.