Фируза Шәріпова қолдау білдірген жанкүйерлеріне алғыс айтты

None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы ЭКСПО көрмесі аумағында өткен бокс кешінде Қазақстаннан шыққан тұңғыш кәсіпқой боксшы қыз Фируза Шәріпова қарсыласы - болгариялық Милена Колеваны жеңгеннен кейін өз жанкүйерлеріне алғысын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мені қолдауға келген барлық жанкүйерлерге, командама және ата-анама алғысым шексіз. Барлықтарыңызға көп рахмет! Менің әлі де күш-қуатым жетерлік. Алда жеңістеріміз көп дегенге сенемін. Алға, Қазақстан!», - деп кездесу соңында лебізін білдірген Фируза Шәріова көз жасына ерік берді.

Еске сала кетсек, бүгін Астанада көптен күткен бокс кеші өтті. Басты айқас қазақстандық боксшы Фируза Шәріпова мен болгариялық Милена Колеваның арасында ұйымдастырылды. Фируза 10 раундтық кездесуде қарсыласын айқын басымдықпен жеңді .

Кеште алғашқы болып ММА сайысынан рингке шыққан «Алаш Прайд» өкілі Мурод Хантураев украиналық Юрий Проценкодан жеңіліп қалды. Екінші айқаста Темірлан Райымқұлов өзбек спортшысы Степан Партновты төрешілердің шешімімен жеңсе, үшінші кездесуде қазақстандық Әмірхан Төлеуов ресейлік боксшыдан басым түсті. Төртінші додада Айдын Елжанов Абылайхан Есентаевты екінші раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын.