Фируза Шәріпова Ресейдегі жекпе-жек алдында салмақ өлшеуден өтті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Фируза Шәріпова мен Анастасия Тришева жекпе-жек алдында салмақ өлшеуден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі спортшының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандық боксшы 63,5 кг, ал Тришева 63,4 кг шықты.

Тришева Фирузамен болатын жекпе-жекке дайындық барысында Юлия Куценкомен спаррингке шығып жүрген. Әуесқой бокс және әуесқой кикбоксингте халықаралық турнирлердің біразын ұтып, тіпті кикбоксингтен Азия біріншілігінде жеңіске жеткен.

Осы салмақ санатында Фируза алғаш рет жекпе-жек өткізеді. Дегенмен, ол жеңетініне сенімді.

Кәсіпқой бокстан қазақстандық әлем чемпионы Фируза Шәріпова бүгін Мәскеудегі Флойд Мейвезер бокс академиясында ресейлік Анастасия Тришинамен жекпе-жекке шығады.

Жуковкадағы осы рингте Григорий Дрозд - Кшиштоф Влодарчик, Владимир Кличко - Александр Поветкин жекпе-жектері өткен.

Шәріпова осы жекпе-жегін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнайтынын жеткізген. Салмақ өлшеу рәсімінде де Елбасының суреті түсірілген, «Ел үшін рахмет» деген жазуы бар жейдесін киді.

Автор: Азамат Сыздықбаев

Соңғы жаңалықтар