Fitch Қазақстанның кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде растады

АСТАНА. KAZINFORM – Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде растады. Рейтинг болжамы – «Тұрақты».

Фото: Экономика министрлігі

Агенттік бағалауынша, рейтингтің сақталуына Қазақстанның мықты сыртқы қаржылық ұстанымы, таза шетелдік активтердің едәуір көлемі және мемлекеттік борыштың төмен деңгейі негіз болған.

«Қазақстанның таза шетелдік активтер бойынша позициясы рейтингі ұқсас елдер арасындағы ең мықты көрсеткіштердің бірі болып қала береді», – деп атап өтті Fitch.

Агенттік мәліметінше, Ұлттық қордың валюталық активтері 2026 жылғы мамыр айының соңында 66,4 млрд АҚШ долларына жеткен. Сонымен қатар халықаралық резервтер көлемі 67,6 млрд долларға дейін өскен.

Fitch сарапшылары әлемдік нарықтағы алтын бағасының жоғары болуы резервтердің артуына елеулі ықпал етіп отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ агенттік Қазақстанның мемлекеттік борышы 2026-2027 жылдары ЖІӨ-нің шамамен 23%-ы деңгейінде сақталады деп болжап отыр.

«Қазақстан экономикасы 2025 жылы 6,5%-ға өсті. Өсім көлік секторы көрсеткіштерінің айтарлықтай артуымен қатар кең ауқымды сипат алды», – делінген агенттік есебінде.

Fitch көлік, өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсету салалары алдағы жылдары да экономикалық белсенділіктің негізгі драйверлері болып қала береді деп күтеді.

Айта кетейік, Цифрлық қаржы активтерінің айналымына арналған ұлттық сауда платформасы іске қосылмақ.