Fitch Ratings агенттігі MyCar Finance компаниясына халықаралық «B» кредиттік рейтингін берді

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық Fitch Ratings рейтинг агенттігі MyCar Finance микроқаржы ұйымына ұзақ мерзімді халықаралық кредиттік «B» рейтингін, сондай-ақ «BB(kaz)» деңгейіндегі ұлттық ұзақ мерзімді рейтингін берді . Екі рейтинг бойынша да болжам – «Тұрақты».

Фото: ЖИ арқылы жасалған

Fitch Ratings агенттігінің баспасөз хабарламасында: «MyCar Finance эмитентінің ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі компанияның «B» деңгейінде бағаланған дербес кредиттік қабілеттілігіне негізделген. Рейтинг компанияның жеткілікті табысын, қарыз жүктемесінің қалыпты деңгейін және активтер сапасының жақсарып келе жатқанын көрсетеді», – деп атап өтілген.

Fitch Ratings сарапшыларының бағалауынша, MyCar Finance компаниясының тұрақтылығына нарықта қалыптасқан берік позициясы, Қазақстандағы ең ірі автодистрибьютор әрі автокөлік өндірушісі - Astana Motors компаниялар тобының құрамында болу, сондай-ақ жеңіл автокөліктер түріндегі өтімді кепілмен қамтамасыз етілген несие портфелі оң әсер етеді.

Агенттік рейтингке ықпал еткен негізгі факторлардың қатарында компания активтері сапасының жақсарғанын, соның ішінде құнсызданған қарыздар үлесінің және жаңадан берілген кредиттер бойынша дефолт деңгейінің төмендегенін атап өтті.

«Fitch Ratings біздің компанияға кредиттік рейтинг берген екінші халықаралық рейтинг агенттігі болды. Fitch Ratings рейтингін алу – компаниямыздың дамуындағы маңызды кезең әрі сапалы көрсеткіш. Бұл біздің бизнес-моделіміздің тұрақтылығын растап, компаниямыз бен клиенттеріміз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деді MyCar Finance директоры Вячеслав Павленко.

Рейтингтің берілуі MyCar Finance компаниясының нарықтағы позициясын нығайту және инвесторлармен ұзақ мерзімді әріптестікті дамыту стратегиясына толық сәйкес келеді. Екі тәуелсіз халықаралық ұйымнан оң бағаның берілуі компания қызметінің ашықтығын арттырып, инвесторлар мен серіктестердің сенімін күшейтеді. Атап айтқанда, халықаралық рейтингке ие болу облигациялар нарығына шығуды жеңілдетіп, әлеуетті инвесторлар шеңберін кеңейтеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мәліметіне сәйкес, MyCar Finance активтер көлемі мен кредиттік портфелі бойынша еліміздегі микроқаржы ұйымдарының арасында екінші орында тұр. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша берілген микрокредиттер портфелі 440 млн АҚШ долларын құрайды.