FIVB әлемдік гран-приінің Алматыда өтетін 2-кезеңіне қатысатын командалардың бәрі келді - Ермек Сырлыбаев

МАТЫ. 9 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Волейболдан тамыздың 12-14 күндері әйелдер арасында Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешенінде өтетін FIVB әлемдік гран-приінің 2-кезеңіне қатысатын «F» тобындағы командалар соңғы әзірліктерін пысықтауда.

Оны Алматыдағы FIVB әлемдік гран-при директоры Ермек Сырлыбаев бүгін баспасөз мәслихатында хабарлады.

«Барлық командалар келді. Италия құрамасы ең соңғы болып келіп жетті. Жапониядан супервайзер Катсуми Уакао кеше келген болатын. Жарыстың бас төрешісі жапониялық Такаши Чимояма да осында. Енді арбитрларды күтіп отырмыз», - дейді Ермек Әмірбекұлы. Оның айтуынша, бүгін ұйымдастыру тобының алғашқы жұмыс мәжілісі өтеді. Жалпы алғашқы кезде 8 командадан басталған әлемдік гран-при додасының қатысушылар саны биыл 16 командаға жетіп отыр. 19-рет өтіп жатқан бұл байрақты бәсекеге Қазақстан бұған дейін 2007, 2008 жылдары қатысқан болатын. Онда 2007 жылы 10-шы, ал 2008 жылы 12-ші орын алды. Қазір алғашқы кезеңнің қорытындысы бойынша Германия мен Перуді артқа тастап 14-орында келе жатыр.