Физика бойынша Нобель сыйлығы Фрэнсис Хальценге бұйырды

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы физика бойынша Нобель сыйлығы ғарыштан жеткен аса қуатты нейтриноны ашуға қосқан үлесі үшін бельгиялық ғалым Фрэнсис Хальценге берілді. Бұл туралы Стокгольмде Швеция Корольдік ғылым академиясының Нобель комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды DW .

Фото: Facebook.com/@nobelprize

Нобель сыйлығы Фрэнсис Хальценге «IceCube нейтрино обсерваториясының жұмысына қосқан шешуші үлесі және астрофизикалық құбылыстардан пайда болатын аса қуатты нейтриноны анықтаудағы еңбегі» үшін берілді. 2011 жылы Антарктидада іске қосылған бұл обсерватория жарық датчиктері орнатылған, көлемі шамамен бір текше шақырым болатын мұз қабатынан тұрады. Осы құрылғылардың көмегімен ғалымдар ғаламның алыс түкпірлерінде орасан зор энергия бөлінген сәттерде пайда болатын нейтрино бөлшектерін тіркеп, олардың қайдан келгенін зерттейді.

— Аса жоғары энергияға ие нейтрино басқа бөлшектер сияқты белгілі бір ортада түзіледі. Алайда олардың ерекшелігі — ғарыштан Жерге жеткенше бағытын өзгертпей, энергиясын жоғалтпайды. Сол арқылы ғалымдар ғаламдағы аса қуатты құбылыстар туралы өзге жолмен байқау қиын деректерді ала алады, — деп атап өтті Нобель комитеті.

Былтыр физика бойынша Нобель сыйлығы АҚШ ғалымдарына берілген

2025 жылғы физика бойынша Нобель сыйлығын кванттық физика саласындағы зерттеулері үшін Ұлыбританиялық Джон Кларк, француз Мишель Деворе және америкалық Джон Мартинис алды. Ғалымдар электр тізбегінде кванттық құбылыстардың байқалатынын, соның ішінде бөлшектердің кедергіден өтіп кетуі және энергияның белгілі бір деңгейлермен өзгеруі мүмкін екенін дәлелдегені үшін марапатталды.

Нобель комитетінің мәліметінше, лауреаттардың тәжірибелері кванттық физиканың нақты құбылыстарын көрсетті. Физикадағы негізгі мәселелердің бірі — кванттық-механикалық құбылыстар байқалатын жүйенің көлемі қаншалықты үлкен болуы мүмкін деген сұрақ. 2025 жылғы лауреаттар қолмен ұстауға болатын электр тізбегіне тәжірибе жүргізіп, онда кванттық туннельдеу мен энергияның белгілі бір деңгейлерге бөлінетінін дәлелдеді.

1901 жылдан бері физика бойынша Нобель сыйлығы 120 рет табысталып, оны 230 ғалым иеленген. Олардың бесеуі — әйелдер. Сыйлық көлемі 12 млн швед кроны, яғни шамамен 1,06 млн еуро.

Нобель апталығы жалғасып жатыр

Динамитті ойлап тапқан Альфред Нобельдің өсиеті бойынша бес бағытта — физиология және медицина, физика, химия, әдебиет және бейбітшілік салаларында Нобель сыйлығы тағайындалып, 1901 жылдан бері табысталып келеді. Нобель апталығының алғашқы күні — 5 қазанда физиология және медицина саласындағы сыйлық иегерлерінің есімдері жарияланды. Бұл марапат Германия ғалымдары Петер Хегеман мен Георг Нагельге, сондай-ақ америкалық Карл Дейссеротқа берілді.

— Петер Хегеман мен Георг Нагель бір жасушалы балдырдан ерекше ақуыз — жарық әсеріне жауап беретін родопсинді анықтады. Ал Карл Дайссерот осы ақуызды жүйке жасушаларын жарық арқылы басқаруға мүмкіндік беретін құралға айналдырды. Бұл жаңалықтар нейроғылымда жаңа зерттеу бағытының қалыптасуына жол ашты, — делінген Каролин институты Нобель ассамблеясының хабарламасында.

Институттың мәліметінше, оптогенетика — тірі мидағы жүйке жасушаларының естеліктерді, сезімдер мен мінез-құлықты қалай қалыптастыратынын зерттеуге мүмкіндік беретін әдіс.

Химия саласындағы Нобель сыйлығының иегері 7 қазанда, әдебиет бойынша марапат иегері 8 қазанда Стокгольмде жарияланады. Ал бейбітшілік сыйлығының лауреаты 9 қазанда Ослода белгілі болады. Сондай-ақ 12 қазанда Швеция банкі 1968 жылы тағайындаған экономика саласындағы сыйлықтың лауреаты жарияланады.