Физика мұғалімін қолдау шарасын өткізуге тосқауыл қойып отырғанымыз жоқ - әкімдік

АСТАНА. ҚазАқпарат - Физика мұғалімі Юрий Пакті қолдауға арналған спорттық шараны өткізу туралы өтініш әкімдікке түскен жоқ.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кейбір ақпараттарға сенетін болсақ, аталмыш акцияның өтуіне әкімдік рұқсат бермеген.

«Физика мұғалімі Юрий Пакті қолдауға арналған бұқаралық жүгіру шарасына қатысты өтініш болған жоқ. Бұл өтінішті Қарағанды қаласының әкімдігі алуы тиіс болған және қала әкімі аталмыш мәселені қарастыруы керек», - деді Әбішев тілшілердің сауалына берген жауабында.

Бұған дейін БАҚ беттерінде, Қарағандыда жалған лаңкестік үшін сотталған физика пәнінің мұғалімі Юрий Пакті қолдау мақсатында 9 қазан күні бұқаралық жүгіріс ұйымдастыру жоспарланғаны хабарланды. Аталған шараны өткізуді достары, оқушылары және ата-аналары бастама етіп көтерілген. Акция ұйымдастырушылары осылайша Юрий Пактің кінәсіздігін білдіруді ойластырған.

Айта кетейік, Қарағандыда физика пәнінің мұғалімі Юрий Пак жалған лаңкестік үшін екі жылға сотталды. Сонымен бірге, сот материалдық шығын ретінде Ю.Пактан облыстық ТЖД мен жедел жәрдем қызметі пайдасына 60 мың теңге өндіріп алды. Сондай-ақ, сараптама өткізуге жұмсалған сот-процессуалды шығын ретінде мемлекет пайдасына 192 мың теңге өндірілді.

Мұғалімді қолдауға келген халық сот залына сыймады. Бұл мұғалімнің достары, таныстары, бұрынғы оқушылары еді. Сот процесі кезінде Ю.Пак өзінің кінәсіз екенін айтумен болды. Үкім шығар алдында Ю.Пактың анасының ауыр науқастан көз жұмғаны белгілі болды. Айыпкерді қолдауға келген халық үкім шығарылған соң, көз жасын тыя алмады.

Осыдан соң, Елбасының атына екі жылға сотталған физика мұғаліміне қолдау білдірілген үндеухат жазылды. Онда үш күн бұрын жазалау үкімі шыққан физика пәнінің оқытушысы Юрий Пактың ісін қайта қарау сұралған. avaaz.org қоғамдық петициялар сайтына орналастырылған үндеухатқа мыңдаған адам қол қойып үлгерді және олардың саны жылдам артуда.

Еске салсақ, Юрий Пакқа 2015 жылдың 14 сәуірінде Қарағандыдағы ЦУМ ғимаратына «бомба» қойды деген айып тағылды. Себебі оның ұялы телефонынан шұғыл әрекет ету қызметтеріне қоңырау түскен. Ер адам бомба қоятындығы туралы хабарлаған.

Ұстаз сотқа өзінің бұл іске қатысы жоқтығын айтып-бақты. Оның айтуынша, қоңырау шалынған уақытта ол әріптес-әйелдерге парталарды тасуға көмектесіп жүрген. Телефон бұл уақытта көрші кабинетте, сөмкесінің ішінде жатқан.