2022 жылдың өзінде осы бағытпен тасымалданған жүк көлемі екі есеге жуық артқан. Ал Түркия аумағы арқылы өтетін транзит көлемі соңғы он жылда алты есе өсті.
Тасымал көлемінің артуы сұйық жүктерді, соның ішінде химиялық өнімдерді, өсімдік және базалық майларды, сондай-ақ басқа да қауіпті емес өнеркәсіптік сұйықтықтарды тасымалдаушылар үшін жаңа міндеттер туғызып отыр.
Орталық Азияның ашық мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ. Сондықтан өңірден Еуропаға немесе кері бағытта тасымалданатын жүк бірнеше рет теміржолдан паромға, одан автомобиль көлігіне ауыстырылады әрі бірнеше кедендік аумақтан өтеді. Бір ғана теңіз тасымалына арналған жабдық мұндай күрделі логистикалық тізбекке әрдайым бейім бола бермейді.
Мұндай бағыттарда негізінен екі түрлі шешім қолданылады.
Біріншісі – флекситанк. Бұл стандартты 20 футтық контейнердің ішіне орнатылатын, тағам өнімдерін тасымалдау талаптарына сай келетін бір реттік көпқабатты жұмсақ резервуар. Оған 14-24 мың литрге дейін қауіпті емес сұйықтық сыяды.
Флекситанк әсіресе Қазақстан мен Өзбекстаннан өсімдік майларын экспорттау секілді бір бағыттағы тасымал үшін экономикалық жағынан тиімді. Оны орнату және жүкті түсіру шамамен жарты сағат уақыт алады. Бұл Орта дәліздегі көліктің бірнеше түрі түйісетін логистикалық тораптарда маңызды артықшылық саналады.
Екінші шешім – танк-контейнер немесе ISO-танк. Ол тот баспайтын болаттан жасалған, бірнеше рет пайдалануға арналған цистерна және T-код бойынша жіктеледі.
ISO-танктер қауіпті немесе температуралық режимді қатаң сақтауды қажет ететін жүктерді, сондай-ақ бір бағыт бойынша тұрақты тасымалданатын өнімдерді жеткізу үшін қолданылады. Мұндай контейнерлер азық-түлік және химия өнеркәсібіндегі қатаң стандарттарды сақтауды қажет ететін тасымалда тиімді.
– Орта дәліз Қазақстандағы Ақтау және Құрық порттары арқылы өтіп, одан әрі пароммен Әзербайжандағы Алят портына жалғасады. Кейін жүк Грузияның Поти және Батуми порттары арқылы немесе Баку–Тбилиси–Карс теміржолымен Түркия мен Еуропалық одақ елдеріне жеткізіледі. Ақтау порты арқылы жылына шамамен 12 млн тонна, ал Алят арқылы 15 млн тоннаға жуық жүк өтеді, – делінген материалда.
Бұл бағытта сұйық жүктер логистикасымен 2010 жылдан бері Kricon Group компаниясы айналысып келеді. Компания паркінде 2 мыңнан астам танк-контейнер бар.
Қазақстан, Әзербайжан және Түрікменстанда компанияның жеке деполары, тазалау станциялары мен автопаркі орналасқан. Бұл жүктерді Батыс Еуропадан қажетті жабдықтың жеткізілуін күтпей-ақ жергілікті жерде өңдеуге және қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді дамыту тетіктерін атады.