Флешка жарылып, экс-депутаттың әйелі бірнеше саусағынан айырылды

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Жарылыс компьютерге пошта арқылы алынған жады картасын қосқан кезде орын алған.

Қырым миллионері және Симферополь қалалық кеңесі экс-депутатының әйелі өзінің үйінде болған қатты жарылыстан зардап шекті. Аталған оқыс оқиға кеше кешкілік орын алды.

«Ол флешканы компьютерге қосқан сәтте, қатты жарылыс болды», - деп жазады vgorode.ua. Зардап шеккен әйел жедел жәрдем арқылы Симферополь қалалық ауруханасына жеткізілген.

Кейбір мәліметтер бойынша, әйелдің бірнеше саусағы жұлынып кеткен. «Сонымен бірге оның беті мен мойны да жарақаттанды. Алайда маңызды органдарына залал тимеген, өміріне төніп тұрған қауіп жоқ», - деп жазады «Обозреватель».