Флорида университетінде болған атыс: қазақстандық студенттер дін-аман
АСТАНА. KAZINFORM — «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның Флорида штаты университеті кампусында болған оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасады.
2025 жылғы 17 сәуірде Флорида штаты университетінің кампусында атыс болды. Соңғы мәліметтер бойынша, қайғылы оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, тағы алты адам жарақат алды.
— Халықаралық бағдарламалар орталығы жағдайды мұқият бақылауда ұстап отыр және осы университетте білім алып жатқан қазақстандық стипендиаттармен тұрақты байланыста. Бүгінде Флорида штаты университетінде «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында 4 стипендиат білім алып жатыр, оның 3-еуі магистратура, 1-еуі докторантура бағдарламасы бойынша. Барлық стипендиат аман-есен, жергілікті билік органдарының нұсқауларын бұлжытпай орындап отыр. Біз студенттерімізге дер кезінде ақпарат беріп, қауіпсіздік шараларын сақтағандары үшін алғыс білдіреміз, — делінген хабарламада.
Ақпаратта айтылғандай, оқыс оқиғаға байланысты университет оқу процесі мен іс-шараларды уақытша тоқтатты.
— АҚШ аумағында жүрген барлық стипендиатқа сақтық шараларын қатаң сақтауды, сергек болуды және күмән тудыратын жағдайда, дереу орталықпен байланысқа шығуды сұраймыз, — деп хабарлайды «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ.
Бұған дейін АҚШ-тың Флорида штаты университетінде болған атыс кезінде адамдардың жарақат алғаны туралы хабарлаған едік. Беймәлім адам Таллахасси қаласындағы университет кампусында оқ жаудырған.