«Біз залалдың нақты көлемін ертең білетін боламыз. Дауыл өте қатты, бірақ біз ойлағандай, біз күткендей жойқын болған жоқ», - деді Десантис.
Дауылдың максималды толқыны шамамен 3 метрге жетті. Бұған дейін қыркүйек айының соңында соққан жойқын «Хелен» дауылы теңіз суының деңгейін 4,5 метрден астамға биіктікке дейін көтергенін айта кетейік. Бұл жолғы «Милтон» да жауын-шашынның көп мөлшерін өзімен бірге ала келді. Атап айтар болсақ, Сент-Питерсбергте бір шаршы метрге 460 литрге дейін жауын түскен.
Дауыл Флоридадағы қуат көздерін ажыратты. Қазіргі кезде 3,2 млн адам жарықсыз отыр. Штаттағы көптеген үй зақымданған, қираған. Сент-Питерсбергте желден жергілікті бейсбол стадионының шатыры жұлынып, оған жақын жерде көтергіш кран құлаған.
Бұған дейін АҚШ-та 5 млн-ға жуық адам эвакуациялау туралы бұйрық алғаны хабарланған болатын.
Florida State University, University of Florida, University of South Florida және University of Miami-де білім алып жүрген қазақстандық студенттер үйінде отыр. Оқу орындары уақытша жабылып, оқу процесі тоқтатылды.
Халықаралық бағдарламалар орталығы «Милтон» дауылының Флоридаға жақындағанына байланысты жағдайды бақылап отыр.