Флоридадағы қазақстандықтар Ирма дауылына қалай қамданым жатыр?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Америка Құрама Штаттарын екі мұхит қоршап жатыр, оның керемет жақтары көп, әрине. Алайда, мұхит жағасына жақын орналасқан штаттардың жазы жаймашуақ өте қоймайды. Жыл сайын дауылдар мұхит жағалауына жақын штаттарды қиратып, жергілікті билік пен халыққа бірнеше айға жетерлік жұмыс тауып береді. Табиғаттың құдіретті күшіне АҚШ сияқты мықты экономика да төтеп бере алар емес.

Тынық мұхиты дауылдарының маусымы мамырдың 15-нен басталып қарашаның 30-на дейін жалғасады. Атлант мұхиты дауылдарының маусымы маусымның 1-нен, күздің соңына дейін созылады. Биыл Атлант мұхиты жағынан 21, Тынық мұхитынан 24 дауыл болады деген болжам бар. Жақында ғана өткен Харви (Harvey) дауылынан кейін болған тасқынның суы кеуіп үлгерместен, Ирма (Irma) дауылы оңтүстік-шығыс жағалауға жарық жылдамдығымен екпіндеп келеді.

Ирма дауылы бүгінгі күнгі ақпаратқа сай, өте қауіпті деп есептеліп отыр. AccuWeather агенттігінің басшысы Д.Н.Майерс Ирманың Флориданы қиратып, шығынға ұшырататынын, оның 1992 жылы болған Эндрю дауылынан да қатерлі болатынын хабарлады. АҚШ-тың дауылдар жөніндегі ұлттық орталығы (NHC) Ирманың Кубадағы Камагуэй топаралында секундына 5 метр, 257,5 км.сағат жылдамдығымен Флоридаға жақындап келе жатқанын хабарлады. Кубаның шығысын су тасқынына ұшыратқанына орай, мамандар оның қуатын 5 балдық өлшем бойынша есептеп, 5 деген ең жоғарғы деңгейді беріп отыр. Дәл осындай дүлей дауыл Кубада жүз жыл бұрын болған. АҚШ-тың дауылдар жөніндегі ұлттық орталығы мамандарының (NHC) айтуынша, Кариб бассейініне Ирманың артынан Хосе (Jose) және батыс жағынан Катя (Katia) дауылдары келе жатыр. Оған орай Мексиканың басшылары тиісті іс-шаралар ұйымдастырып жатыр.

Қызыл Крест ұйымының ақпаратына сәкес, Ирма туристтердің арасында өте әйгілі Барбуда, Британ және Виргин, Сен-Мартен, Сент-Китс және Невис аралдарының біраз жағажайларын астан кестен етіп, Пуэрто-Риконы жарықсыз қалдырды.

АҚШ-тың басшылығы бұл болып жатқан мәселеге жай қарап отырған жоқ, БАҚ белсенді түрде ақпараттық қолдау шараларын жүргізіп жатыр. Флориданың әкімшілігі кешеден бері 5.6 млн. адамға штаттан кетулеріне кеңес беріп, ал штатта қалам деушілерді қауіпсіз жерлерге көшіруге көмек көрсетілетінін хабарлауда. АҚШ-тың уақыты бойынша дауыл Флоридаға 9 и 10 қыркүйек аралығында жетеді деп болжанып отыр.
Біз жерлестерімізбен хабарласып, уақиға болып жатқан жердегі ақпаратпен бөлісуді өтіндік.

А.Мисанова «Біздің номерге адамдар телефон соғып, қауіпсіз жерлерге көшірілу басталатыны жөнінде хабарлап, сол іс-шараның тез арада ұйымдастырылғаны дұрыс болатынын баса айтты. Егер біз штаттан өзіміз кете алсақ, солай жасағанымыз өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін маңызды екенін хабарлады. Біз бүгін сағат кешкі 8-00-де Нью Йоркке ұшуымыз керек болған, бірақ, рейс болмады. Билеттердің бағасы $2000 өсіп кетті. Ол өте қымбат. Әрине, кешеден бастап өзіміз де алаңдай бастадық, аэропортта қадам басатын жер болмады, көлікті жалға алу үшін сағаттаған кезектерде тұру керек болды. Флоридадан шыққан жолдың барлығында кептеліс, адамдар әкете алатын нәрселердің барлығын әкетіп жатыр, арасында қайықтар, көліктер, дөңгелектегі үйлері де бар. Флоридада ең алғашқы хабар түскеннен бастап жолға жиналдық. Негізінде біз Нью Йоркта тұрамыз»-дейді.

Басшылар, әкімшілік қандай көмек көрсетіп жатыр? «БАҚ, штат әкімшілігі өте жақсы жұмыс істеп жатыр, алдын ала штаттан шығып, басқа көрші қалалар мен штаттарға жетіп алуды сұрады, ал егер қалатын болса үш күндей жарықсыз қалу қауіпі жөнінде ескерттіледі»
Басқа қандастарымызбен сөйлесіп, хабар алғанша Асем (А.Мисанова) түні бойы жол жүріп, Нью -Йоркке жетіп алды.

М.Иванов «Құдайға шүкір, балаларым Флоридада емес. Бұл жақтың басшылығы қолдан келгеннің барлығын жасап жатыр, оны мойындау керек. Адамдарың өмірін сақтау үшін жағдай жасап, барлық жерді қатайтып, нықтап жатыр. Былайша айтқанда, дауылға дайын деуге де болады. Ең қауіпті аймақтардан адамдарды шығарып жатыр»,-деді.

Флоридада Қазақстандықтар көп қалды ма деген сұраққа жауап алу әрине қиын. М.Иванов «Бұл жерде менің апам екі баласымен қалды, кеткісі келмеді. Мен де солармен қалдым. Әрине, оларды тастап кете алмас едім. Біздің тұрып жатқан үй мұхиттан 2 км қашықтықта орналасқан. Қорқынышты, бірақ сасқаннан не пайда, үрей жақсы кеңес береді деп ойламаймын»-деген ойымен бөліседі.

Н.Шушикова «Флориданың солтүстігінде тұрамыз. Дүйсенбіде бізге де жетеді деп жатыр, күтеміз, мүмкін күші азайып та қалар. Мектептер жабық, олардың орнына қауіпсіздік орындарын ұйымдастырып жатыр»-деді.

Біздің біраз отандастарымыз үйлерінен шықпай, шыныдан жасалған заттарды үйден шыгарып тастағандарын айтты.

Ал кейбір отандастарымыз Facebook әлеуметтік желісіне мәселелерімен бөліскенін байқадық. «Біз Флоридадан келе жатырмыз, қайда барарымызді білмей тұрмыз. Қонақүйлердің барлығы бос емес, көрші штаттардан кімде кім бізді қабылдай алар ма екен? Панама қалашығының жанындамыз, 3 ересек және 1 жасар баламыз бар, рақмет»,-деп жазған.

Оған көптеген жерлестеріміз жауап беріп, үйлеріне шақырып, қонақжайлылық танытып жатты. Қайда болса да, қазақтың қонақжайлылығы сезіліп отырады, әсіресе осындай жағдайларда ерекше байқалып жатыр. Жалпы көрші штаттарда көмекке қажеттілігі бар адамдардың барлығына қолдау көрсетілуде.

ҚР АҚШ-тағы Елшілігі қазақ диаспораларының өкілдерімен хабарласып отыр.

Елшіліктің ақпаратына сәйкес, Майамиде тұрып жатқан қазақстандықтардың көбі қаладан шығып, көрші штаттарға кетіп қалды. Штатта қалған азаматтар арнайы ұйымдастырылған жерлерде қалатын болды. Бүгінгі күнге елшіліктің жедел желісіне оншақты азаматтар хабарласып, өздері туралы ақпаратты қалдырып, қажет жағадайда тіпті көмек көрсетуге даяр екендерін айтқан.
Қазақпарат болып жатқан жағдай бойынша жаңа ақпаратпен бөлісіп отырады. Екі апта бұрын Техаста болған «Харви» дауылына Сафир-Симпсонның өлшемі бойынша жалпы бес шамасынан төртінші категориясы берілген болатынын естеріңізге сала кетеміз.

Арнайы Қазақпарат үшін Эльнура Абаканова, АҚШ.