Флойд Мейвезерге қарулы шабуыл жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бес салмақ дәрежесі бойынша бұрынғы әлем чемпионы америкалық кіші Флойд Мейвезерге қарулы шабуыл жасалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА CNN-ге сілтеме жасап.

Мәлімет көзінің хабарлауынша, атыс дүйсенбі күні түнде (жергілікті уақыт бойынша - авт.) Атланта қаласында болған. Қарулы шабуылдан боксшының бір оққағары жарақат алды. Алайда, танымал боксшы шабуылдан ешқандай зардап шекпеген екен. 

Жергілікті полиция қызметінің мәліімдеуінше, Флойд Мейвезер түнгі сағат 3-тер шамасында қаланың Бакхед районындағы түнгі клубтан шығып, оққағарларымен бірге 3 көлікпен қонақ үйге кетіп бара жатқан жолында белгісіз біреулер көлікке оқ жаудырған. Алайда, боксшының қорғаушылары оқиға орынынан сытылып үлгеріп, аяғынан жарақат алған оққағарды ауруханаға жеткізген.

Полиция оқиғаға байланысты тергеу-тексеру шараларын жүргізіп жатыр, және бұл алдын-ала ойластырған қастандық шабуылы деген болжам жасалды.

Фото: edition.cnn.com