Fly Arystan ұшақ паркі 2 әуе кемесімен толығады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Fly Arystan әуе компаниясының басшысы Тим Джорданмен кездесті. Бұл жайында аталған комитеттің Telegram парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кездесуде тасымалдаушының операциялық қызметінің аралық қорытындысы мен одан ары даму жоспары талқыланды. Лоукостер іске қосылған сәттен бастап 200 мыңнан астам билет, оның 50 пайыздан астамы 10 мың теңгеден төмен бағаға сатылды. Барлық бағдардағы орташа жүктеме 90 пайыздан асып жығылады. Жүктемесі ең жоғары бағдарлар Нұр-Сұлтан-Алматы және Алматы-Орал бағыттары болып отыр. Өткен кезең ішінде орындалған тасымалдаудың дәлдігі орташа есеппен 90 пайыздан асып түседі», - делінген комитет ақпаратында.

Қазіргі уақытта әуе компаниясы Эйрбас-320 үлгісіндегі 2 әуе кемесін пайдаланады. Компания жоспарына сәйкес осы жылдың 4-тоқсанында қосымша 2 ұшақ келеді. Болжамға сәйкес, Қазақстандағы әуе ұшағымен жолаушылар тасымалдау нарығының қарқынды дамуының арқасында Fly Arystan 2020 жылы әлемдегі ең жылдам дамушы компаниялардың біріне айналмақ.