«Бүгінде FlyArystan атауымен мәлім жаңа бюджеттік әуе компаниясы 12 күнде 16 мыңға тарта билет сатып үлгерді. Аталған компанияның қызметіне сұраныс өте жоғары», - деді министр.
Оның пайымдауынша, 1 мамырдан бастап биылғы жылдың соңына дейін FlyArystan 1 миллионға жуық жолаушыны тасымалдауы мүмкін.
«Билет құны ұлттық әуе тасымалдаушылармен салыстырғанда кем дегенде екі есеге арзан. Эксперимент түрінде Азаматтық авиация комитетінің төрағасы менің көзімше Нұр-Сұлтаннан Алматыға және кері бағытта электрондық форматта 15 мың теңгеге билет сатып алды», - деді Р. Скляр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанның бірінші лоукостері FlyArystan компаниясы Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының арасындағы тұрақты байланысты 1 мамырда ашады. Қос қала арасындағы күнделікті әуе қатынасын сыйымдылығы 180 орындық, заманауи реактивті Airbus A320 ұшақтары қамтамасыз етеді. Бір жаққа билет құны әуежай алымдарымен қоса есептегенде 6999 теңгеден басталады.