Әуе компаниясына қатысты тексеруге жолаушының шағымы негіз болған. Алматы бойынша cауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетімен және Астанадағы аумақтық департаментпен бірлесіп жоспардан тыс тексеру жүргізген.
Тексеру барысында FlyArystan компаниясының ішкі тасымалдау қағидаларынан тұтынушылардың құқығын шектейтін бірнеше талап анықталды. Атап айтқанда:
тасымалдау шарттарын біржақты өзгерту;
әуе тасымалдаушысының жауапкершілігін шектеу;
жекелеген алымдарды заңсыз өндіріп алу;
жолаушылардың ақшасын қайтару құқығын шектеу;
тұтынушыларға ақпарат беру талаптарын сақтамау;
жазбаша наразылық хат жолдау тәсілдерін шектеу.
Осы бұзушылықтарға байланысты әуе компаниясына оларды жою және ішкі тасымалдау қағидаларын Қазақстан заңнамасына сәйкестендіру туралы нұсқама берілген.
Алайда FlyArystan тексеру нәтижелері мен министрлік берген нұсқаманың заңдылығына сотта дау айтқан.
2026 жылғы 21 шілдеде Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әуе компаниясының нұсқаманың күшін жою туралы талабын қанағаттандырмады. Апелляциялық саты да бірінші сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Осылайша, сот тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарының авиациялық қызметтер саласында мемлекеттік бақылау жүргізу өкілеттігін және компанияға берілген нұсқаманың заңдылығын растады.
Сауда және интеграция министрлігі әуе компанияларының ішкі қағидалары заңнамада кепілдік берілген жолаушылардың құқықтарын шектемеуге тиіс екенін атап өтті. Тасымалдау шарттары, ақшаны қайтару тәртібі, қосымша алымдар мен шағымдарды қарау мәселелері тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң талаптарына сай болуы қажет.
Еске салайық, бұған дейін Air Astana мен FlyArystan авиаотын көлемі бойынша бұрмаланған мәліметтер үшін жауапқа тартылғанын хабарлағанбыз.