«Қазақстандық FlyArystan әуе компаниясы Ресейдегі S7 Technics техникалық базасында жоспарлы түрде техникалық тексерістен өтіп жатқан 180 орындық Airbus А320 ұшақтарын күтіп отыр. Жасалғанына 6 жыл толған әуе кемелерінің жоспарлы техникалық тексерісінен бөлек, Airbus өндірушісінің құжаттамасына сай жолаушылар салонының реконфигурациясы өткізілуде. Осылайша, әуе лайнері салондарында су жаңа, аты аңызға айналған немістің Recaro 3530 SLIM модельді орындықтары орнатылды. Былғары теріден жасалған өте мықты, әрі өте жайлы креслолардың ара қашықтығы - 70-82 см.
«Біз алғашқы рейсімізді асыға күтудеміз. FlyArystan жолаушыларына төмен бағадан бөлек, жоғары сапалы қызмет және де жаңартылған ұшақ салонын ұсынуға дайын. Көпті көрген саяхатшылар шетелдік лоукостерлер салонындағы орындықтардың арқасы тек қана тік тұрғызылып, сапар барысында бұл біршама қиындық туғызатынын жақсы біледі. Алайда, біз FlyArystan жолаушыларын қинамай, орындық арқасын 5 см дейін қозғауға мүмкіндік береміз. Сонымен бірге, аяқ ыңғайына қарай орындық арқасында орналасқан қалтаны төменнен алып тастап, жоғары орнаттық. Бұл аяқты кеңімен созып отыруға мүмкіндік береді», - дейді FlyArystan-ның сату және маркетинг бөлімінің директоры Жанар Жайлауова.
Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың 1 мамырынан бастап FlyArystan Алматыдан Нұр-Сұлтан, Тараз, Орал мен Қарағанды қалаларына тұрақты рейстерді 180 орындық, жайлы Airbus A320 ұшақтарымен орындауды жоспарлап отыр.