FlyDubai апат құрбандарының отбасыларына 20 мың доллардан төлейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - FlyDubai авиакомпаниясы Дондағы Ростовтағы авиа апаты құрбандарының отбасыларына көмек бағдарламасын ұйымдастырады, делінген авиатасымалдаушының сайтында, деп хабарлады Би-би-си.

Бағдарлама ауқымында қазаға ұшыраған әрбір жолаушыға 20 мың доллардан төленеді.

Бұл қаражат қайғылы оқиға құрбандары отбасыларының шұғыл қаржылық шығындарын өтеуі тиіс.

Бұдан бұрын Ростов облысының губернаторы Василий Голубев өз тарапынан қайғылы оқиға құрбандарының туыстарына миллион рубльден төлеуге уәде берген болатын. Ростов облысы бюджетінің қорынан өтемақыға барлығы 41 миллион рубль бөлінеді.

Дондағы Ростов әуежайында жұмадан сенбіге қараған түні туристерді қалаға жеткізген FlyDubai ұшағы апатқа ұшырады. Оның бортында 55 жолаушыны және жеті экипаж мүшесін қоса алғанда, 62 адам (олардың 44-і Ресей азаматтары) болды

Ұшақ апатқа ұшыраған жерде ТЖМ іздестіру операциясын жүргізуде, ол жексенбі күнгі таңғы сағат 9-ға дейін аяқталуы тиіс.

Апат салдарын тексерумен Ресейдің Тергеу комитеті және Халықаралық авиация комитетінің сарапшылары айналысады.

Апатқа ұшыраған ұшақтың «қара жәшігі» Мәскеуге жеткізілді.