Фонограмма пайдаланғандарға айыппұл салынады

Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM — Заңдағы жаңа түзетулерге байланысты фонограмма қолдану тәртібі қалай өзгереді? Бұл сұраққа Мәдениет және ақпарат министрлігі жауап берді.

— Мәжіліс депутаттарының бастамасымен көтерілген бұл норма тек дауыс (вокал) фонограммаларын пайдалануға тыйым салу туралы болып отырғанын атап өтеміз. Мәдени-бұқаралық іс-шаралар кезінде 200-ден астам көрерменнің алдында орындаушының алдын ала жазылған дауысымен (вокалмен) өнер көрсетуіне жол берілмейді. Дауыс (вокал) фонограммасын пайдалану тек арнайы бейімделмеген және ән айтуға арналмаған орындарда (ипподромдарда, демалыс аймақтарында, саябақтарда, алаңдарда, көшелерде) рұқсат етіледі, яғни ашық алаңдарда өткізуге болады. Бұл аталған орындардың жанды дауыста өнер көрсетуге техникалық тұрғыдан бейімделмеуімен және ауа райы жағдайларына байланысты, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар сапалы теледидар контентін дайындау, телебағдарламалар мен жобаларды түсіру барысында, атап айтсақ концерттің толық жазбасын, дыбыстың сапалы жазылуын көздейтін телевизиялық жазбалар барысында қолдануға рұқсат беріледі. 

Фонограммаға айыппұл мөлшері қандай болмақ?

— Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттары музыкалық шығармаларды орындау кезінде дауыс фонограммаларын пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеуді көздейтін түзетулерді әзірлеп жатыр. Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделуі мүмкін. Фонограмма пайдаланғаны үшін жауапкершілік Ivent-ұйымдар, жеке кәсіпкер (әртістің өнер көрсетуін ұйымдастырушы), вокалистер мен шығармашылық ұжымдарға жүктелетін болады. Сондықтан талапты бұзу әншілерге тиімсіз болу үшін, айыппұл мөлшері де жоғары белгіленген, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Еске салсақ, биыл қараша айында Парламент фонограмманы пайдалануды шектеу туралы заңды қабылдады.