Forbes: биылғы ең ауқатты қазақстандықтар анықталды

Фото: Фото: Kazinform/ DALL-E/ Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Forbes тізіміне енген Қазақстандағы ең ауқатты адамдар рейтингі жаңарды.

Тізімге енгендердің жиынтық капиталы 46,6 миллиард доллардан 57,5 миллиард долларға дейін өсті, ал орташа жасы 55-ке дейін төмендеді. Бірнеше жаңа есім тізімде активтерін нығайтып, ірі мәмілелер арқылы енсе, тұрақты қатысушылардың кейбірі айтарлықтай жоғарылады.

Рейтинг көшбасшысы Вячеслав Ким бастап тұр, оның байлығы 1,3 миллиард долларға өсіп, 7,1 миллиард долларға жетті. Ең қарқынды өсімді Тимур Турлов көрсетті, жыл ішінде +2,6 миллиард доллар тапты, бұл рейтинг тарихындағы абсолютті рекорд. Осылайша, ол бесінші орыннан екінші орынға көтеріліп, байлығын 5,8 миллиард долларға жеткізді. Алғашқы ондыққа сондай-ақ Владимир Ким, Тимур мен Динара Құлыбаевтар, Болат Өтемұратов, Ибрагимовтер отбасы, Нұрлан Смағұлов, Сәрсеновтер отбасы және Айдын Рақымбаев кірді.

Ауқаттылар қатарына жаңадан қосылғандардың ішінде Андрей Лаврентьев ерекше көзге түсті, ол «Кармет» пен Allur тобын біріктіріп, 840 миллион доллармен бірден 12-орынға көтерілді. Алғаш Forbes тізіміне кіргендер қатарында Нұрлан Артықбаев (құрылыс және телеком), Төрсенғали Алагөзов (сусындар мен азық-түлік), Асқар Байтасов (ABR мейрамханалар желісінің негізін қалаушы), бұрынғы бокс чемпионы Серік Қонақбаев (мұнай және газ), медиа-кәсіпкер Әлидар Өтемұратов және «Олимп» компаниясының негізін қалаған Ерлан Сүлейменов бар.

Жаңа тізімнің жасақталуы жаһандық экономиканың түбегейлі трансформациясы мен Қазақстандағы долларлық миллионерлер белсенділігінің артуы аясында өтті. Global Wealth Report 2024 мәліметіне сәйкес, Қазақстан бай адамдар санының өсу қарқыны бойынша әлемде алдыңғы үштікке енген.

Тізімнен шыққандар қатарында Hill Corporation негізін қалаушы Дулат Қожамжаров бар (заңсыз алынған активтерді қайтару тізіміне енгізілген), сондай-ақ Ельдар Әбдіразақов, Берік Қаниев, Юрий Пак және Раушан Сагдиева бар.

Бір ай бұрын Forbes-тың әлемдік рейтингіне енген қазақстандық миллиардерлер туралы жазған едік.