Forbes: Флойд Мейвезер - әлемдегі ең қалталы спортшы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Әлемдегі ең жоғары жалақы төленетін спортшы - 37 жастағы америкалық боксшы Флойд Мейвезер. Forbes журналының деректері бойынша ол бұл атақты 12 айдан бері ешкімге бермей келеді.

Forbes журналы әдеттегідей маусым айында әлемдегі ең қалталы спортшылардың тізімін жариялады. Сонымен, Forbes-тың есебі бойынша Мейвезер соңғы 12 ай ішінде $105 миллион доллар табыс алған. Оның $32 миллионын осы өткен мамыр айында аргентиналық Маркос Майданамен болған жекпе-жегі үшін алса, қалған $73 миллион долларды өткен жылы қыркүйек айында мексикалық боксшы Саул «Канело» (Қызғылтсары) Альвареспен өткізген жекпе-жегі үшін алыпты.

Негізі Мейвезер ресми түрде осы екі кездесуде $73,5 миллион доллар табыс алғаны көпшілікке мәлім. Яғни Флойдқа Майданамен шыққаны үшін $32 млн. ал Альвареспен шыққаны үшін $41,5 млн, доллар алатындығы туралы кепілдік берілген болатын. PPV бойынша Майданамен болған кездесу сәтті бола қойған жоқ. Бірақ Альвареспен болған жекпе-жек бокстасу жағынан да, қаржы жағынан да өте сәтті өтті. Майданамен салыстырғанда бұл жолғы сатылым 2,5 есе көп болған. Бірақ Мейвезердің Альвареспен болған жекпе-жек үшін алған қосымша ақшаларының санын Forbes-тың қалай біле қойғандығы түсініксіз болып қалуда, - деп таңданыс білдіреді allboxing.ru порталы. Өйткені мұндай деректерден белгілі бокс шолушылары Дэн Рафаэль мен Кевин Айоли да хабарсыз болып отыр.

Мейвезерден кейін екінші орында «Реал Мадрид» футбол клубының ойыншысы португалиялық Криштиану Роналду. Ол $80 миллион доллар табыс тапқан. Мейвезердің бүкіл тапқан табыстары сыйақылардан тұратын болса, Роналдудың сыйақысы - $52 миллион долларды құрайды. Қалған $28 миллион доллар - жарнамалық келісім-шарттардан түскен ақшалар.

Ең жоғары төленетін спортшылардың топ-100 тізімінде Мейвезерден басқа, тағы үш боксшы енді. Олардың екеуі P4P рейтингі бойынша әлемдегі ең мықты боксшылардың ондығына кіреді.

Жартылай орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы және тағы жеті салмақ санаты бойынша әлемнің экс-чемпионы Мэнни Пакьяо 11 орынға жайғасты. Брэндон Риос пен Тимоти Брэдлиге қарсы өткізген кездесулері үшін филиппиндік марқасқа $41 миллион долларды қалтаға басқан. Жарнамалардан тағы $800 мың доллар табыс түскен.

Бұдан 2 жыл бұрын Мейвезер мен Пакьяо Forbes-тың топ-100 тізімі бойынша сәйкесінше 1 және 2 орынды иемденгенін айта кеткен жөн.

Ал ең ауыр салмақ санатында әлемдегі ең мықты боксшы - 38 жастағы украиндік Владимир Кличко 25 орынды иемденді. Ол соңғы 12 ай ішінде $28 миллион доллар табыс тапқан. Сыйақысы - $24 миллион болса, қалған $4 миллион доллар жарнамадан түскен.

Әлемнің экс-чемпионы 23 жастағы мексикалық боксер Саул «Канело» (Қызғылтсары) Альварес 66 орынға тұрақтады. Оның тапқан барлық табысы - $21 миллион долларды құраған. $1,5 миллион долларды ол жарнамадан алған болса, қалған $19,5 миллион долларды Мейвезер және Ангуломен болған жекпе-жектері үшін алған.

Толық тізімді төмендегі сілтеме арқылы қарап шығуға болады.

https://www.forbes.com/athletes/list/#tab:overall