«Формула-1» Бахрейн Гран-приін Малайзияда өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM — Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты сәуір айына жоспарланған Бахрейн мен Сауд Арабиясының Гран-приі кейінге шегерілгеннен кейін Бахрейн кезеңі 2-4 қазан аралығында Малайзияда өтетін болды.

Фото: Antonin Vincent/Keystone Press Agency/Global Look Press

Жарыс 2017 жылдан бері «Формула-1» кезеңдерін қабылдамаған Малайзиядағы Сепанг халықаралық трассасында ұйымдастырылады.

«Формула-1» ресми сайтында «Сепанг» трассасы чемпионат күнтізбесіндегі ең танымал және қиын трассалардың бірі екені айтылған. Әсерлі жарыстар мен құбылмалы ауа райы оны қайта жоспарланған кезең үшін тамаша орынға айналдырып отыр. 

— Бұл – жанкүйерлеріміз үшін тамаша жаңалық. Олар «Формула-1» күнтізбесінің қызық әрі мазмұнды жалғасын тамашалап қана қоймай, спорттың әйгілі трассалардың біріне оралғанына куә болады. Малайзия – керемет ел, ал Сепанг «Формула-1» тарихында ерекше орын алады, – деді «Формула-1»-дің президенті және бас атқарушы директоры Стефано Доменикали.

Малайзия кейінгі рет «Формула-1» кезеңін 2017 жылы қабылдаған. Қазір бұл трассада MotoGP әлем чемпионатының жарыстары өтіп жатыр. Бахрейн Гран-приі 26 қыркүйекте өтетін Әзербайжан және 11 қазандағы Сингапур Гран-приінің аралығына жоспарланған.

Тарихта бір елдің атынан Гран-при жарысын басқа елдің қабылдаған бірнеше мысалы бар. Атап айтқанда, Люксембург Гран-приі Германияның Нюрбургринг трассасында, Сан-Марино Гран-приі ұзақ жыл бойы Имолада, ал Швейцария Гран-приі Франция аумағында ұйымдастырылған.

Еске салайық, «Формула-1» наурыз айында Бахрейн мен Сауд Арабиясындағы Гран-при жарыстарын өткізбейтінін хабарлаған едік.