Форвардтық мәмілені өзгерту керек – депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ мен шаруалар арасындағы форвардтық сатып алу келісімшартын қайта қарауды ұсынды. Айтуынша, келісімнің қазіргі нұсқасы нарық талабына жауап бере алмай отыр.
– Жыл сайын «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» көктемгі дала жұмысы кезеңінің алдында шаруалармен келісімшарт жасайды. Бұл жақсы тетік екені даусыз, алайда қазіргі шартты реформалау керек секілді.
Бірнеше себепті тарқатайық. Біріншіден, шаруаларға келісімшарт ұсынылатын кезде баға өте төмен көрсетіледі. Екіншіден, аталған шарт бойынша шаруа қамбаға астық жинаған кезде астықтың қызығын көре алмайды. Өйткені күзде жаппай астық жинау барысында баға төмен болады, ал қыста баға өседі. Форвардтық сатып алу келісімшартын жасаған шаруа қыстағы көтерілген бағаны көріп, компанияға өткізгеніне өкініп жатады, – дейді Анас Баққожаев.
Депутаттың айтуынша, осы мазмұндас мәселе АҚШ-та 90-жылдардың басында орын алған. Олар мұны шешудің жолын тауыпты. АҚШ-та форвардтық келісімшарт жасалады, аванс беріледі. Ал күзде астық жиналған сәтте өнімді сату құқы шаруаларға жүктеледі екен. Анас Баққожаев Үкіметке осы модельді қарастыруды ұсынуда.
Бұған дейін әлемдік астық экспортының отандық нарыққа қалай әсер ететінін талдаған едік.