Форвардтық сатып алу аванстары қайта қаралуы мүмкін – ҚР АШМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашалығы тауарларын тұрақтандыру қорларына форвардтық сатып алудың аванстары қайта қаралуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында айтты.

«Министрлік өз тарапынан фермерлер қауымымен бірлесіп агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау тәсілдемелерін қайта қарау жұмысын жалғастырады, сондай-ақ мемлекеттік субсидиялаудың жаңа бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу жұмысын жеделдетеді. Қазір ол Ақмола облысында тестілеуден өтіп жатыр. Оны екінші жартыжылдықтан бастап енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ, ол өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақтандыру қорларына форвардтық бағамен сатып алу мәселесін зерделеу басталғанын мәлім етті.

«Мұнда тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға бөлінген қаражаттың бір бөлігін күзгі сатып алудан форвардтық келісімшарттардың көктемгі аванстарына қайта бағыттау жоспарлануда. Осы мақсатта облыстар әкімдіктеріне отандық тауар өндірушілермен, өңдеуші кәсіпорындармен форвардтық келісімшарттар жасасу жұмысын жандандыру тапсырылды. Сонымен қатар біз қолданыстағы тұрақтандыру қорларын қалыптастыру қағидаларына қажетті өзгерістер мен толықтыруларды жеделдетіп енгізу жұмысын жүргізудеміз», - деді ведомство басшысы.