Фотограф израильдік зымыранның Бейруттегі ғимаратқа тиген сәтін түсіріп алды
АСТАНА. KAZINFORM – Сейсенбі күні Израиль әскерилері Бейрут маңындағы «Хезболла» нысандары» орналасқан ғимаратқа соққы берді. Соққыдан бір сағат бұрын ғимарат жанында «Хезболла» ұйымының баспасөз мәслихаты өтіп, онда ливандық топ өкілі тілшілерге өткен демалыс күндері ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар шабуылы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Әуе шабуылы Израильдің осы аудандағы екі ғимаратты эвакуациялау туралы ескертуінен 40 минут өткен соң жасалды.
Израильдің әскери өкілі нысанаға осы ғимараттардың неге алынғанын түсіндірмеді, тек олардың «Хезболламен» байланысты «мүдделері мен нысандарына» жақын екенін айтты.
Жақын жерде өтіп жатқан «Хезболла» баспасөз конференциясы үзіліп, Associated Press фотографы ғимаратқа қарай ұшып бара жатқан зымыранның суретін түсіріп алған. Ғимарат бірнеше минуттан соң жойылды.
Ескерту көптеген адамдарды осы ауданнан кетуге итермеледі, бірақ басқалары, соның ішінде бірнеше тілші жағдайды бақылауды жалғастырды. Шабуыл кезінде ғимарат эвакуацияланған, зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Зымыран ғимаратқа тигенге дейін бірнеше минут бұрын шатырға Израиль әскері ескерту соққылары деп атайтын екі кішірек снаряд атылды, деп хабарлады оқиға орнындағы AP тілшілері. Бұл – Израильдің Газа секторына соққы беру кезінде ұстанған тәжірибе.
«Мен ғимаратқа ұшып бара жатқан зымыранның ысқырығын естідім, содан кейін түсіре бастадым», - деді сейсенбіде фотограф Билал Хусейн.
Дүйсенбі күні кешке Бейрутте израильдік әуе шабуылы елдің ең үлкен мемлекеттік ауруханасының қарсы жағындағы бірнеше ғимаратты қиратып, салдарынан 18 адам қаза тапты, кемінде 60-қа жуық адам жарақат алды. Израиль әскері «Хезболла» нысанасына соққы бергенін, аурухананың өзін нысанаға алмағанын мәлімдеді.
Ливанның денсаулық сақтау министрлігі сейсенбіде мәлімдегеніндей, соңғы 24 сағатта 63 адамның қайтыс болды, салдарынан Израиль мен «Хезболла» арасындағы қақтығыстың өткен жылы қаза тапқандардың жалпы саны 2,546 адамға жеткен.