Фоторепортаж: Алматының киелі нысандары қайта жаңғырды
Атап айтқанда, өлкенің тарихы мен мәдениетін кеңірек насихаттау мақсатында археологиялық, этнографиялық нысандарды жаңғыртуға басымдық берілді.
Алматыда республикалық маңызы бар 6 киелі нысан бар.
Олардың қатарында «Боралдай сақ қорғандары», Райымбек батыр мавзолейі, «Тәуелсіздік» монументі «Тәуелсіздік таңы», Ахмет Байтұрсынов мұражай үйі, Вознесенск кафедралы шіркеуі, бұрынғы Үкімет үйі (Қазақ Британ Техникалық университетінің ғимараты).
Жергілікті маңызы бар киелі нысандар қатарында Медеу мұз айдыны, Көктөбе, Шымбұлақ, бұрынғы Верный балалар үйінің ғимараты (қазіргі Алматы музейі), 1931-1933 жылдардағы аштық құрбандары ескерткіші, ҚР Ғылым ордасы, Орталық зират және Кеңсай, Мұхтар Әуезовтің, Дінмұхаммед Қонаевтың музей-үйі бар.
2017 жылы Райымбек батыр мавзолейінде ғылыми реставрациялық жұмыстар жүзеге асырылды. Бұдан бөлек мавзолейдің қасына мемориалды музей кешені, музей, мешіт салынады. Аумақты геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жобаны жүзеге асырудың сәулет жоспарлау тапсырысы алынды. Эскиздік жоба бекітілді. Қазір жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр.
2018 жылы Боралдай сақ қорғаны территориясында парк құрылды. Мұнда сақ дәуірінде болған адамды жерлеу рәсімдерінен сыр шертетін қорған, сақ тұрғын жайының макеті көрсетілген. Осы Боралдай сақ қорғандарын сақтап, дамыту мақсатында, ЮНЕСКО мұраларының тізіміне алыну және туристерді тарту үшін 430 гектар аумақта Сақ мәдениетінің орталығы ашылады. Мұнда реставрациялық шеберхана, конференция және мультимедиа залдары пайда болады.
Одан бөлек Вознесенск шіркеуі толық реставрациядан өткізілді. Осы мақсатта демеушілер 504 млн теңге көлемінде қаржы бөлді.
Нысанның сыртқы келбеті жаңарып қана қоймай, ішкі келбеті, қабырғалары қайта боялды. Айналасы абаттандырылып, көгалдандырылды.
Жөндеу жұмыстары мамыр айында толық бітеді.
Қаланың туристік тартымдылығын арттыру мақсатында VisitAlmaty туристік орталығы ашылды. Бұл орталық 1904 жылы салынған (бұрынғы шіркеу үйі) ғимаратта орналасқан.