Фотороботты қаламмен салатын дәуір өтті – криминалист

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Криминалистика – тарихы терең күрделі сала. Осы салада табысты еңбек етіп жүрген маманның бірі – Қызылорда облыстық Полиция департаменті жедел криминалистика басқармасының криминалисі, полиция подполковнигі Жаңабай Сапарбаев.

Фото: Жаңабай Сапарбаевтың жеке архивінен

Кейіпкеріміз бірнеше жоғары оқу орнында білім алып, бейнелеу өнері, сәулет және құқық қорғау қызметі бағыттары бойынша маманданған. Құқық қорғау органдарындағы еңбек жолы 2012 жылы басталған. Негізгі міндеті – оқиға орнын зерттеу, заттай дәлелдемелерді саралау, қылмыстың мән-жайын анықтап, күдіктінің тұлғасын айқындау. Қызметте оған бала күнінен бергі сурет салуға әуестігі үлкен көмек. Жаңабай Сапарбаев куәгерлер мен жәбірленушілердің сипаттауымен арнайы бағдарламалық кешен арқылы күдіктілердің бейнесін жасап, қылмысты ашуға үлес қосып келеді.

Фото: Жаңабай Сапарбаевтың жеке архивінен

- Ішкі істер министрлігінен криминалистика саласына арнайы штат бөлініп, суретші мамандығын бітіргендерді қызметке қабылдау туралы тапсырма берілді. Мені сол бастамамен жұмысқа алды. Ал ең алғашқы қылмыстың ашылуына септігімді тигізген кез 2012 жылы болатын. Қызылорда қаласындағы сауда орталығында орналасқан банк терминалын түнде белгісіз біреу бұзып, ақша ұрламақ болған. Сол жерден алынған саусақ ізін базаға салып тексеру арқылы күдіктінің жеке басын анықтадық, - деді ол.

Фото: Жаңабай Сапарбаевтың жеке архивінен

Криминалист күдіктіні жазбай тануда кәсіби біліммен қатар есте сақтау, аналитикалық ойлау қабілеті, байқампаздық мен шыдамдылық аса маңызды екенін атап өтті. Өйткені оқиға орнында болғандардың бәрі бірдей көргенін егжей-тегжей баяндап бере алмайды. Үлкендер жағы көбіне ұмытып қалады, ал балалар мен жасөспірімдерде қорқу және қобалжу сезімі қатар жүреді. Кейіпкеріміз куәгердің сөзіне сүйеніп фоторобот құрастырады.

Фото: Жаңабай Сапарбаевтың жеке архивінен

- Зорлық көрген жас қыздар ауыр азапты басынан өткізеді. Өткенді қайта-қайта еске түсіру оның жанына батады. Мысалы, маған күдіктіні сипаттаған кезде оның жанында инспектор, психолог, педагог болады. Өзі көрген қорлығын ұмыта алмай отырғанда қыспаққа алып, одан сайын үрейін ұшырмаған дұрыс. Ол үшін тек күдіктіні сипаттайтын кезде ғана сұрап, қалған уақытта көп мазасын алмау керек деп ойлаймын. Не дегенмен, ауыр оқиға жанына салмақ салды, - деді Жаңабай Сапарбаев.

Кейіпкеріміз фоторобот жасағанда адамның ұлтына, жас шамасына және ерекше белгілеріне мән береді. Күдіктінің бетінде мең немесе қал, тыртық, сол сияқты тағы басқа белгілердің бар-жоғын білу аса маңызды. Ал фотороботын салған қылмыскермен бетпе-бет келгенде ұқсамай қалған тұсына назар аударады екен.

Фото: Жаңабай Сапарбаевтың жеке архивінен

- Бұрын күдіктінің бет-бейнесін қаламмен салатынбыз. 14 жылдан бері барлығы өзгерді, заман талабына сай компьютерлік бағдарламалар шықты, жасанды интеллект дәуірі жүріп тұр. Дегенмен криминалист жұмысы фоторобот салумен шектелмейді. Өзім криминалистика саласының барлық бағытында қызмет атқардым. Бұл мамандық түрлі саланы қамтиды, оның ішінде математика, медицина, физика, химия, биологиямен тығыз байланысты. Мысалы, адамның қан құрамын анықтап, ДНҚ сараптамасын алу үшін маманның медицина ғылымынан хабары болуы керек, - деді полиция қызметкері.

Фото: Жаңабай Сапарбаевтың жеке архивінен

Детектив жанрындағы шығармаларға иллюстрациялық суреттер салу – өнерлі кейіпкеріміздің тағы бір қыры. Полицей-суретші осы ретте дәлдікке негізделген сурет салу шеберлігін және оқиғаны нақты бейнелеу дағдысын пайдаланады.

- Шығарманы оқи отырып, кейіпкерлердің бейнесін, оқиға орнын және негізгі көріністерді қағаз бетіне түсіремін. Детектив жанрындағы кітаптарда, әсіресе, тәртіп сақшысының иллюстрациялары ерекше рөл атқарады. Мұндай суреттер оқырманға оқиғаның желісін жақсы түсінуге көмектесіп, шығарманың әсерін күшейтеді. Кейіпкерлердің бейнесі мен оқиға сәттері көрнекі түрде берілгенде мәтіннің мазмұны одан әрі жандана түседі. Адамның бет-әлпетін, қозғалысын және жағдайын дәл беруде кәсіби шеберлігімен сүйенемін, - деді Жаңабай Сапарбаев.

Бұған дейін елімізде ДНҚ сараптамасының арқасында 1990 жылдардағы кісі өлтіру деректері әшкере болған еді.