Фототерапиядан жасуша трансплантациясына дейін: Елде витилиго қалай емделіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы алты жылда Қазақстанда витилиго ауруының көрсеткіші шамамен 1,2 есеге төмендеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Freepik

Бұл туралы XIX республикалық «20 өңірдің дерматовенерологтері, дерматокосметологтері және лепрологтері» білім беру ғылыми-практикалық конференциясында айтылды.

Конференцияға қатысушылардың айтуынша, теріде ақ дақтардың пайда болуымен сипатталатын созылмалы аутоиммундық дерт — витилигоның таралуын азайтуға емдеудің заманауи әдістерін енгізу ықпал еткен.

Аталған конференция 2015 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және кәсіби тәжірибе алмасатын маңызды алаңға айналған. Дәл осы жиында кейіннен кеңінен қолданысқа еніп, клиникалық тәжірибеге енгізілген тері ауруларын емдеудің жаңа әдістері алғаш рет таныстырылған.

Соның бірі — витилигоны емдеуге арналған тар жолақты фототерапия әдісі. Бұл тәсіл бүгінде Қазақстанда сәтті қолданылып келеді. Сонымен қатар, Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы Витилиго және тері денсаулығы орталығымен бірлесіп, Орталық Азияда витилигоны эпидермальды жасушаларды трансплантациялау әдісімен емдеуді алғашқылардың бірі болып енгізді.

Бұл операция науқастың өзінің сау тері жасушаларын зақымданған аймаққа көшіруге негізделген және қазіргі таңда әлемдегі ең тиімді емдеу тәсілдерінің бірі саналады.

Мамандардың айтуынша, дәл осы заманауи технологиялардың енгізілуі соңғы алты жылда Қазақстанда витилиго ауруының көрсеткішін шамамен 1,2 есеге төмендетуге мүмкіндік берген.

Сонымен қатар елімізде басқа да тері аурулары бар пациенттерге көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексіне сәйкес, биыл мерез, псориаз және қышыма ауруларын емдеуді қоса алғанда, алты клиникалық хаттаманы жаңарту жоспарланған.

Жақсы нәтижелер көрсетіп отырған тағы бір бағыт — дерматовенерологиялық қызметтің жанынан ашылған мамандандырылған кабинеттер. Онда подологтер, трихологтер және стоматологтер қызмет көрсетеді. Сондай-ақ дерматохирургия, дерматоонкология, психодерматология және сексуалдық денсаулық кабинеттері де тұрғындар арасында сұранысқа ие.

Мамандарды даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай әзірленген дерматовенерология мамандығы бойынша резидентура бағдарламасы жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта медицина қызметкерлерін жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, диагностикалау және емдеудің заманауи тәсілдері бойынша қашықтан оқыту бағдарламасын және арнайы веб-порталды әзірлеу аяқталу сатысында тұр. Ал аталған инфекцияларды диагностикалау мен емдеудің қазіргі тәсілдері орта арнаулы, жоғары, қосымша және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламаларына енгізілген.

Витилиго — әлем халқының шамамен 1 пайызына тән созылмалы аутоиммундық тері ауруы. Ол теріде пигментсіз ақ дақтардың пайда болуымен сипатталады. Ауру адамның өміріне қауіп төндірмейді және физикалық зиян келтірмейді. Алайда ол адамның психоэмоционалдық жағдайына елеулі әсер етуі мүмкін. Витилиго кез келген жаста пайда болуы ықтимал, бірақ көбіне 20 жасқа дейін анықталады.

Қазақстанда жыл сайын «витилиго» диагнозымен 15 мыңнан астам адам дерматологиялық медициналық ұйымдарға жүгінеді.

Бұған дейін Астанада ішек инфекцияларымен сырқаттану көрсеткіші 10%-ға төмендегені хабарланған болатын.