Франция Астанадағы ғарыш спутниктерін құрастыру көлемін ұлғайтуды көздейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияның Қазақстандағы елшісі Франсис Етьеннің айтуынша, Астанада құрастырылатын жер серіктері елдің экономикасына ғана емес, қауіпсіздігіне де зор үлесін қоса алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздік үшін аса қажет салалардың бірі ол - ғарыш саласы. Осы ғарыш саласындағы әріптестік тәуелсіздіктің нығаюына, ары қарай гүлдене түсуіне алып келетін сала болып саналады. Біз ол әріптестікті дамытуға ниеттіміз. Себебі Орталық Азияда Қазақстанның өзіндік орны бар. Алдағы уақытта біз Астанадағы ғарыш спутниктерін құрастыру өндірісін 25 пайызға арттыруды жоспарлап отырмыз. Сол жер серіктері ғарышқа ұшырылғаннан кейін елдің экономикасын нығайтып, қауіпсіздігін күшейте түсуге зор мүмкіндік болады. Сондықтан біз осы саладағы әріптестікті күшейте түсуді көздейміз», - деді Етьен бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, бүгінде Астанада ғарыш аппараттарын құрастыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Оны үстіміздегі жылдың соңында аяқтау жоспарланып отыр. Ал алғашқы жер серігін 2021 жылы шығару көзделген. Осы жұмысқа Қазақстан мен Францияның «Ғалам» ЖШС атты бірлескен компаниясы жауапты. Жаңа нысанда телекоммуникациялық және жерді қашықтан зондтау апараттары құрастырылады. Бүгінде осы санаттағы бір жер серігінің орташа бағасы 200 млн еуро құрап отыр. Осы ақшаның 50 пайызы Қазақстанның бюджетіне түседі деген жоспар бар.

Бүгін Астанада Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай баспасөз мәслиxаты өтті. Сол жерде елші Франция президенті Франсуа Олландтың құттықтау xатын оқып берді. Олланд Қазақстан Президентінің қатысуымен 25 жыл бұрын болған кешкі асты еске алды.