Франция аймақтары Қазақстанмен ынтымақтастыққа аса үлкен қызығушылық танытып отыр

None
АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстанның Франциядағы Елшісі Нұрлан Дәненов 19 сәуірде Лотарингия аймағының Вогез департаментінде болып, екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.

Бұл алдыңғы қатарлы өнеркәсіптік технологиялар, материалдар және «жасыл экономика» саласында жетекші аймақ болып табылады.

Қазақ делегациясы француз Парламенті Сенатын ұзақ уақыт бойы басқарған Кристиан Понселе, Префект Пьер Пэйе және басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

К.Понселе Президент Н.Назарбаевтың басты рөлін ерекше атап өтіп, Қазақстан тұрақты өсіп келе жатқан Францияның стратегиялық әріптесі болып табылатын елге айналғанын тілге тиек етті.

Сапар барысында жергілікті Бас кеңес пен Сауда-өнеркәсіп палатасымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған экономикалық құрылымдар, технопарктар, ғылыми-зерттеу орталықтары мен Лотарингия аймағының ірі өнеркәсіптік компаниялар өкілдері қатысып, Қазақстандағы өндірісті және маңызды салаларды толықтыратын бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктерін талқылады.

Елші Н.Дәненов қатысушыларға біздің елдің экономикалық және саяси басымдықтарын, «Қазақстан-2050» Стратегиясының ерекшеліктерін, сондай-ақ инвестициялық және аймақтық артықшылықтарын түсіндіріп өтті. Қажетті ақпараттар беріліп, бүкіл Лотарингия аймағымен және Вогез департаментімен ынтымақтастық жоспарлары белгіленді. Қатысушылар ақпараттық-имидждік материалдар, қазақстандық компаниялар, даму институттары мен аймақтық мекемелердің бизнес-жобаларымен аса қызығушылықпен танысты.

Жалпы Францияның Қазақстанға аймақтық деңгейдегі қызығушылығы өсіп келе жатыр. Мысалы, Овернь аймағында жоғары технологиялық титан өнімдерін шығаратын бірлескен зауыт салынғаны да оң бағыт тудыруда. Рон-Альп аймағының тау-шаңғы туризмімен айналысатын жетекші компаниялары өз білімдері мен тәжірибелерін қазақстандық әріптестерімен бөлісуге дайындықтарын білдіруде. Францияның Оңтүстігіндегі еуропалық ірі технополис Қазақстанның технологиялық парктерінің біріне басшылық етуге дайын. Қазіргі кезде Францияның басқа да аймақтарынан ынтымақтастық бойынша ұсыныстар түсіп жатыр.