Франция: экстремизм үшін сотталғандар азаматтығынан айырылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Франция парламентінің төменгі палатасы - ұлттық жиналыс конституцияға лаңкестік әрекет жасағаны үшін сотталғандарды азаматтықтан айыру туралы өзгерту енгізуді мақұлдады.

Аталған заң жобасын 162 депутаттың 148-і қолдап дауыс берген. Бұл нәтижені премьер-министр Мануэль Вальс жақсы бағалады. Дегенмен депутаттар жақында қайтадан дауыс бермек. Осыдан кейін құжатты парламент конгресі талқылайды. Ал бұған дейін сенат осының алдында елдегі төтенше жағдай режимінің мерзімін 3 айға ұзарту туралы шешімді ресми бекіткен болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Франция өткен жылдың 13 қарашасында 130 адамның өмірін қиған лаңкестік әрекеттерден кейін қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейткен еді, деп жазады 24.kz.