Франция фермерлері қыстың жылы болғанына алаңдап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еуропа фермерлері мен агрономдары жаңа климатқа бейімделуге тырысып жатыр. Францияның оңтүстік-батысында қыстың жылы болуы жергілікті жеміс өндірушілерге үлкен мәселе тудырып отыр, жеміс ағаштарының ерте гүлдеуі өнімнің бүлінуіне әкеп соғуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

«Егер алдағы бірнеше аптада аяз басталса, олардың түсі мен түйіні бүлінеді, салдарынан жазда жеміс те болмайды», - деп түсіндірді биолог Бенедикт Венден.

Ол Бордо маңындағы плантацияда 2050 жылдың ауа райына бейімделетін сорттарды жасау үшін жұмыс істеп жатыр.

Климаттың өзгеруіне мониторинг жасайтын Copernicus қызметінің мәліметінше, Еуропа өз тарихында ең жылы қаңтарды бастан өткерді.

2,2°C температурасы кейінгі 30 жылдың орташа көрсеткішінен асып түсті.

Ресейдің солтүстігі, Ауғанстан мен Пәкістанда қаңтар әдеттегіден суық болды. АҚШ-тың шығысында, Канада мен Еуропада температура орта көрсеткіштен жоғары болды.

Метеорологтар мен экологтар полюстердегі теңіз мұздарын бақылап отыр. Арктикада қаңтарда теңіздің мұз басқан бетінің аумағы орташа көрсеткіштен 4%-ға төмен болды.

Бұл - бақылау тарихында үшінші рет тіркелген ең төменгі көрсеткіш.

Антарктида аумағында өткен айда теңіз мұзының көлемі рекордтық мөлшерге азайды, 1991 жылдан бергі орташа көрсеткіштен 31%-ға төмендеді.

Еуропада жемістердің көп түріне ұзақ әрі суық қыс керек. Климаттың өзгеруі олардың табиғи өсу процесін бұзады. Бенедикт Венден алма, шие, өрік пен шабдалыны зерттеп, олардың қай түрі жылы климатқа жақсырақ бейімделетінін анықтауға тырысып жатыр.

Бұл кеше ғана басталған мәселе емес: Еуропада қыстағы орташа температура өткен ғасырдың 50-жылдарынан көтеріле бастады.

Болжам бойынша, ол алдағы онжылдықта да жоғарылай береді.


Кадр из видео/euronews.com