Favo неміс триосы Алматыдағы джаз фестивалінде өздерінің Орталық Азия елдеріне гастрольдік сапарын бастады. Олар Қазақстанда Қарағанды қаласында және Алматы облысындағы әйелдер колониясында өнер көрсетіп, кейін Бішкек, Душанбе және Ашхабад қалаларына барады.
Франциялық Swing de Paris квинтеті өз өнерлерін Джанго Рейнхардт пен Стефан Граппеллиге, сондай-ақ Алматыдағы былтырғы джаз фестивалінің қатысушысы, бірнеше апта бұрын қайтыс болған скрипкашы Дидье Локвудқа арнады.
Биыл Алматыдағы халықаралық джаз фестивалі «Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстан мәдениеті» арнайы жобасы, Мемлекет басшысының «Рухани жанғыру» бағдарламасы аясында өтті. Қазақстандағы Франция елшісі Филипп Мартинэ мәдениеттің әрдайым кез келген елдің өміріндегі маңызды сала болып қала беретінін тілге тиек етті. Сондықтан, Франция джаз фестивалін қолдап, барлық елдермен, соның ішінде Қазақстанмен мәдениет саласында ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөліп келе жатқанын және бірлескен шығармашылық жобаларға баса назар аударып отырғанын айтты.
«Бұл фестиваль Алматының визиттік карточкасы іспеттес, мұндай шаралар Қазақстанды жақыннан танып, Алматыны Орталық Азияның мәдени қаласы ретінде таныстыруға мүмкіндік береді. Францияда музыканы дамыту саясаты тек мәдениетке ғана емес, экономикалық салаға да әсер етеді. Фестиваль аясында осында, сондай-ақ 21 маусым күні Бүкіләлемдік музыка күнінде Қазақстан мен Франция өкілдерінің бірлескен шығармашылығына арналған платформа құрып, музыка мен өнердің сандық түрінде ынтымақтастықты нығайтамыз деп үміттенемін», - деді Филипп Мартинэ.