Бұл тұрғыда Мемлекет басшылары деңгейіндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.
Франция Республикасының Президенті Франсуа Олланд өз мемлекетінің Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатынын растады. Ел басшысы атап өткендей, Францияның көрмеге қатысуы екі мемлекеттің арасындағы жемісті ынтымақтастықты нығайта түседі.
«Осыған орай, Паскаль Лоро мырзаны Франция секциясының комиссары ретінде тағайындау туралы шешім қабылданғанын хабарлаймын. Қазақстанның энергетика саласындағы тәжірибесін ескере отырып, мен ұйымдастырушымен жемісті ынтымақтастыққа сенім артамын. Осылайша, Францияның Астана қаласындағы Халықаралық көрмеге қатысуы екіжақты қатынастарды нығайтуға мүмкіндік береді», - деп баяндалған Франция Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жолданған хатында. Сондай-ақ тағы бір еуропалық мемлекет - Швейцария конфедерациясы ЭКСПО-2017 қатысатынын растады. 2015 жылғы 22 сәуірде аталмыш мемлекеттің Президенті Симонетта Соммаруга Қазақстан Республикасының Президентіне хат жолдап, онда Швейцарияның Астана қаласының ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатынын растады.
«Швейцария мен Қазақстан арасындағы тығыз достық қарым-қатынастар ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатыр. Мен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі біздің мемлекеттердің қарым-қатынасына қосымша серпін беретініне сенімдімін», - деп атап өтті өз хатында С.Соммаруга.