Франция оқушы қыздарға орануға тыйым салды: Еуропаның басқа елдерінде қандай шектеулер бар

АСТАНА.ҚазАқпарат - Осы аптада француз үкіметі араб елдерінде киім үстіне киетін дәстүрлі абайяға мектептерде тыйым салынатынын хабарлады. Эммануэль Макронның жақын серіктесі, жаңа білім министрі Габриэль Атталь жаңа қызметін осындай маңызды шарамен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews-ке сілтеме жасап.

2004 жылдан бастап елде мемлекеттік мектепте оқитындардың діни көзқарасын «айқын» білдіретін киім немесе атрибуттар киюге тыйым салатын заң бар.

Алайда, осы уақытқа дейін абайяға тыйым салынбаған. Кейбіреулер араб халаттары діни символ емес, жай ғана сәнді киім деп санайды.

Еуропадағы кәмелетке толмағандар үшін «дресс-код» қандай? Жас немістер немесе ағылшындар мектепте мұсылман орамалын, тақия, кипу немесе сикх бас киімін киюіне бола ма, әлде зайырлы елдің заңы бұған тыйым сала ма?

Англия

Англияда мектеп формасы саясатын әрбір жеке оқу орны анықтайды. Алайда, олардың ережелері дін мен сенімге, этникалық және гендерлік сәйкестікке және физикалық қабілетке негізделген кемсітумен күресуге арналған Адам құқықтары және Теңдік туралы заңға сәйкес келуі керек.

Мысалы, мұсылман қызының хиджаб киюіне тыйым салу немесе белгілі бір ұлт өкілдеріне қатысты шаш үлгісіне тыйым салу кемсіту деп саналуы мүмкін.

Сонымен қатар, бұл ережелер мектеп заңының басқа ережелерімен сәйкестендірілуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, абсолютті тыйым жоқ және оқушылар шектеулерге жеке жағдайда қарсылық білдіре алады.

2021 жылы Лондондағы Pimlico академиясының директоры оқушылардың киім саясатына қатысты қатаң шектеулерінен кейін жаппай ереуілдер туындап, қызметінен кетуге мәжбүр болды.

Ол түрлі-түсті хиджаб пен афро шаш үлгісіне тыйым салған. Мекеме басшысы нәсілшілдік танытты деп айыпталды.

Германия

Германияда да діни киім кию мәселесі әлі күнге дейін дау тудырып, кейде сот процестеріне алып келеді.

2015 жылдан бастап Германияның жекелеген аймақтары оқу орындарында діни рәміздерді немесе киімдерді киюге рұқсат беру немесе тыйым салуды дербес шешу құқығын алды.

Бұл қай аймақта оқитыныңызға немесе сабақ беретініңізге байланысты әртүрлі ережелер қолданылатынын білдіреді.

Кей жерлерде хиджаб киюге тыйым салынса, тағы бір жерде бет пен шаштың көрінуін талап ету сияқты кейбір шектеулермен рұқсат етілген.

2020 жылдың қаңтарында Гамбург соты 16 жастағы студентке сабақта никаб киюге рұқсат берді. Бұл киім бүкіл бас пен бетті жауып, тек көзді ашық қалдырады.

Билік никаб кию оқушының мұғалімдермен және басқа студенттермен толық тіл табыса алмайтынын айтты, бірақ сот олай емес деп шешті.

Италия

Билік басына әсіре оңшыл популистік үкімет келгенімен, елде мектептерде діни киім кию туралы пікірталас аз қозғалады.

Өйткені, көптеген италиялық мектептерде сабақ беретін монахтар бастарын жауып жүргенде, оқушыларға діни себептермен киюге болатын хиджаб пен орамалға тыйым салу туралы айту мүлде дұрыс болмас еді.

2011 жылы Еуропалық Адам құқықтары жөніндегі сот италиялық мектептердің барлық жерінде үлкен кресттердің ілініп тұруы «білім беру процесін білдірмейді» деп шешті.

Іс жалпы білім беретін мектептердің қабырғаларында христиан рәміздерінің ілініп тұруы басқа конфессияларға қатысты инклюзивті емес деген шағымдардан кейін сотқа берілді. Сот Италия мемлекетінің мұндай саясатқа құқығы бар деп есептеді.

Косово

Халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайтын Косовода 2010 жылдан бері мұсылмандардың орамал тағуына тыйым салынған.

Балқан еліндегі ислам бірлестіктері оны кемсітушілік деп атап, заңды жоюды үнемі талап етеді.

Шотландия

Шотландиядағы бастауыш және орта мектептердің оқушылары әдетте сабаққа белгілі бір форманы киеді, сыртқы келбетке қойылатын талаптарды, оның ішінде шалбардың, юбка мен жейденің түсі мен стилін оқу орындары өздері белгілейді.

Шотландия үкіметінің өкілдері билік «мектептердегі діни киімге шектеу қоймайтынын» мәлімдеді.

Испания

Испанияда әр аймақ білімге қатысты өз бетінше шешім қабылдай алады. Егер аймақтық ережелер жоқ болса, онда мектептер өз автономиясы шегінде киім үлгісін белгілейді. Сондықтан кейбір мектептерде мұсылмандарға орамал тағуға рұқсат етілсе, басқаларында рұқсат етілмейді.

Сонымен бірге патшалық мектептерінде қабырғалардан кресттер алынып тасталды.

2010 жылғы Діни еркіндік туралы заңда: «Тарихи, көркемдік, сәулеттік немесе мәдени құндылығы барлардан басқа, қоғамдық орындарда діни рәміздерді көрсетуге болмайды» делінген.

Швеция

Өткен жылдың соңында Швецияның Жоғарғы әкімшілік соты жергілікті биліктің орамал тағуға немесе басқа да діни бұйымдарды киюге тыйым салуға заңды мүмкіндігі жоқ деген шешім шығарған.

Сот қолданыстағы заңдар студенттердің діни көзқарастарын білдіру құқығын қорғайтынын анықтады.

Екі муниципалитет алтыншы сыныпқа дейін балабақшалар мен мектептерде мұсылмандардың орамал тағуына тыйым салу туралы шешім қабылдағанда үлкен дау туды.

Швеция парламенті де мұндай ұсыныстарды қабылдамады: конституциялық комитет адамдардың қоғамдық орындарда бастарын жабуға тыйым салатын жаңа заң қабылдауға негіз таппады.

Швеция әділет министрі сол кезде «Орамал тағу құқығын шектеу - сөз бостандығын шектеу болып саналатынын» айтты.