Франция Парламенті көпшілік орындарда пәранжа киюге тыйым салды
Осылайша, қоғамдық орындарда «бет-басты тұмшалайтын киімді», яғни пәранжа мен никабты киюге толық тыйым салынып отыр. Бұл заңды бұзған қыз-келіншектерді 150 еуро көлемінде айыппұл күтіп тұр, және бұл жаза азаматтық тәртіп нормалары туралы дәріс курсымен толықтырылуы немесе алмастырылуы мүмкін. Ал әйелдерін пәранжа киюге мәжбүрлейтін ер азаматтар үшін 1 жыл мерзімге дейін түрме және оған қосымша 30 мың еуро айыппұл қарастырылған.
Дегенмен, бұл заң 2011 жылдың көктемінен бастап қолданысқа енеді - Парламент шешімімен бастапқы алты айлық кезеңде жаңа заң тек «педагогикалық қолданыста» болады. Осы кезеңде полицейлер мен жандармдар пәранжа және никаб киіп жүрген әйелдерге олардың қоғамдық тәртіпті бұзып жүргендерін айтып, тек ескерту жасайтын болады. Ал Конституциялық кеңес бір айдан кейін өтетін өз отырысында бұл заңды конституцияның баптарына сәйкес келмейді деп тапса, жаңа заңның күші тоқтатылуы мүмкін.
Пәранжа киюге тыйым салу туралы заң жобасы Бельгия парламентінде де қаралып жатыр. Сондай-ақ, Швейцарияда да пәранжа киюге тыйым салу туралы ұсыныс жасалды. Дегенмен, бірқатар сарапшылар, дәстүрлі мұсылман киімдеріне тыйым салу бастамасы Еуропада тұрып жатқан миллиондаған мұсылманның наразылығын туғызуы мүмкін екендігін айтып отыр.