Франция Ұлыбританиядан келетін азаматтарға бақылауды күшейтпек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Франция 31 мамырдан бастап шекарада Ұлыбританиядан келетін азаматтарға бақылауды күшейтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Ұлыбритания азаматтары Францияға келгенге дейін 48 сағат бұрын жүргізілген ПТР-дің теріс нәтижесі бар анықтаманы ұсынуы тиіс. Сонымен қатар, барлық саяхатшылар жеті күн ішінде оқшаулануға мәжбүр болады.

Экономикасы туризмге тәуелді Испания тек Еуропалық одақ елдерінің туристерін ғана емес, басқа мемлекеттерден келетін саяхатшыларды да қабылдауға дайын. 7 маусымнан бастап патшалық екпе салдырған барлық туристерге кіруге рұқсат береді. Алдағы дүйсенбіден бастап Испанияға ЕО-ға кірмейтін, бірақ эпидемиологиялық жағдайы жағынан қауіп төндіру деңгейі төмен топқа кіретін 10 елден саяхатшылар да ПТР тестсіз келе алады. Олардың қатарында америкалықтар, британиялықтар, жапондар, израильдіктер, Жаңа Зеландиялықтар мен австралиялықтар бар.

Чехия билігі дүйсенбіден бастап COVID-19-ға қарсы күрес аясында енгізілген шектеу шараларын жеңілдетуде. Атап айтқанда, 31 мамырдан бастап мейрамханалар мен дәмханаларға баруға рұқсат беріледі, барлар мен дискотекалар да ашылады. Бұл ретте қатаң талаптардың да сақталатындығын айта кету керек. Тамақтану орындарындағы қонақтар саны отыратын орындар санынан аспауы тиіс.

«Сонымен қатар, мемлекет жеті елден, оның ішінде Германия, Австрия, Венгрия және Польшадан келетін туристерді жібере бастайды»,-делінген хабарламада.