Франция жаңа сайланған президенті Макронды ұлықтау рәсіміне дайындалып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парижде Франция президенті Франсуа Олландтың жаңа сайланған мемлекет басшысы Эммануэл Макронға өкілеттілігін табыстау рәсімінің қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Ресми шара жергілікті уақыт бойынша сағат 10.00-де басталады.

Қалыптасқан дәстүр бойынша Олланд ізін жалғастырушысын француз астанасының орталығында орналасқан Елисей сарайындағы қызыл кілем үстінде күтіп алып, екеуі бірге ішке кіреді. Бұл жерде ол жаңа президентке бірқатар «мемлекеттік құпияларды» мәлімдейді. Осыдан кейін Макрон қалалық басқармаға барып, Париж мэрі Анн Идальгоның қабылдауында болмақ.

Дүйсенбіден кешікпей Макрон жаңа премьер-министрдің атын атауы тиіс. Сейсенбіге дейін Үкімет құрылуы міндетті.

Макрон 1977 жылы солтүстік Францияның Амьен қаласында дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Ол Франция тарихындағы ең жас президент.