Францияда Германия азаматы әйелін 12 жыл тұтқында ұстап келген

ПАРИЖ. ҚазАқпарат – Францияда өз әйелін 12 жыл бойы тұтқында ұстап келген Германия азаматы қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBС-ге сілтеме жасап.

Франция полициясы әйелді ерлі-зайыпты тұрып жатқан пәтердің жатын бөлмесінен тапты. Оның шашы тақырланып алынған. Жатын бөлменің есігі темір сымдармен жабылған. Әйел қашып кетпеу үшін жасалған болуы керек.

Елі-зайыптының үйі Германиямен шекараға жақын жерде орналасқан. 53 жастағы әйел амалын тауып Германияның полиция бөлімшесіне хабарласқан, олар өз кезегінде француздық әріптестеріне жеткізген.

Әйелді тауып, тексергеннен кейін денсаулығы нашар екені анықталды. Пәтерде әйелден басқа он шақты мысық болған.

Франция полициясы әйелдің денесінде қан немесе зорлық-зомбылық белгілері болмағанын хабарлады.

Оның 55 жастағы күйеуі адам ұрлау және басқа да қылмыстар жасады деген күдікпен ұсталды. Дәл қазіргі уақытта оның жұмыссыз екені белгілі болды. Бұрын Германияда өнеркәсіп саласында жұмыс істеген.

Немістің Bild газеті ерлі-зайыптының көршілерінен сұхбат алған. Күйеуі көршілеріне әйелі қатерлі ісікке шалдыққанын, содан қиналып айғайлайтынын айтқан.