Францияда құтқарушылар катері аударылып, 3 адам қаза тапты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Францияның батыс жағалауында құтқарушылар катері аударылып, 3 адам қаза тапты. Бұл туралы жұма күні Вандея департаментінің префектурасы мәлім етті, деп хабарлайды BFM телеарнасы.

Қайғылы оқиға Ле-Сабль-д'Олон портты қаласына жақын маңда, жағалаудан 800 метр арыда болған.

Қазір құтқару операциясы жүріп жатыр. Қала мэрі телеарнаға берген сұхбатында құтқарушылар командасының үш мүшесі қаза тапқанын айтты. «Біздің қала үшін бұл орны толмас өкініш», - деді ол.

Оған дейін Meteo France ұлттық метеорология қызметі теңізде аса қауіпті дауылдар тұратынын хабарлап дабыл қаққан болатын. Синоптиктердің айтуынша, кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 33 метрге дейін жеткен.