Францияда Мұхтар Әбіләзовті қамаудан босатты
Бұған дейін хабарланғандай, БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзов Қазақстанда, Ресейде және Украинада барлығы 11 бап бойынша айыпталды.
2009 жылдың 6 наурызында Әбіләзовке халықаралық іздеу жарияланды. Себебі оған және ол басшылық еткен қылмыстық топқа сеніп тапсырылған мүлікті иемденгендігі және талан-таражға салғандығы, алдау және сенімге қиянат келтіру арқылы бөтен мүлікті ұрлағандығы, заңсыз жолмен табылған ақша қаражаттарын заңдастырғандығы, банк қаражаттарын заңсыз пайдаланғандығы, өкілеттікті асыра пайдаланғандығы және қылмыстық топқа басшылық еткендігі үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы 3-бөлігінің «б» тармағымен, 176-бабы 3-бөлігінің «а», «б» тармақтары бойынша - 24-бабының 3-бөлігімен, 177-бабы 3-бөлігінің «а», «б» тармақтарымен, 193-бабы 3-бөлігінің «б», «в» тармақтарымен, 220-бабының 1-бөлігімен, 228-бабымен, 235-бабы 3-бөлігімен қарастырылған айыптар тағылған болатын.
Әбіләзов Францияда 2013 жылғы 31 шілдеде ұсталды. The Real Deal веб-порталының хабарлауынша, американдық бизнесмен және Chetrit Group компаниясының тең иесі Джо Четрит Қазақстаннан екі сыбайласымен бірге ұйымдасып, ақшаның ізін жасырудың халықаралық кестесіне қатысты деп айыпталып отырғаны белгілі болды. Аталған кестенің аясында Четрит Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен «БТА Банкінің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзовтің Нью-Йорк қаласында жылжымайтын мүлікті сатып алуын ұйымдастырып, сол арқылы 40 миллионға жуық долларды жылыстатуға көмектесті.
Дүйсенбіде Алматы қаласы мен «БТА Банк» Манхэттен сотына талапарыз берді. БТА Банк, Алматы қаласының әкімдігі және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бірлескен жұмыс нәтижесінде АҚШ-та М.Әбіләзов пен В.Храпуновтың қылмыстық тобы ұрлаған ондаған миллион доллар бұғатталды.